411,61 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еуропа елдерін балалардың жаңа ауруға шалдығуы алаңдатып отыр

  • 169
  • UPD: 20:57, 11.05.2020

Бүгіннен бастап шектеу шаралары Еуропаның бірқатар елінде де жеңілдетілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, Францияда тұрғындарға сыртқа шығу үшін енді анықтама қажет емес. Испанияның, Севилья қаласындағы мейрамханаларда емін-еркін ас ішуге болады. Бельгияда кезең-кезеңімен дүкендер ашылды.

Жалпы Еуропа елдері біртіндеп қалыпты тіршілікке оралып жатыр. Чехияда кинотеатр ашылса, Нидерландыда бастауыш сынып оқушылары мектепке оралды. Дегенмен сарапшылар әлем елдерін қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды. Өйткені қауіпті кесел қайта өршіп кетпес үшін тұрғындар санитарлық нормадан шықпауы тиіс.

Испанияда коронавирусқа байланысты енгізілген шектеу шараларын жеңілдетудің жаңа кезеңі күшіне енді. Бірақ бұл ереже Мадрид пен Барселонаға қатысты емес. Ал қалған аймақтардың тұрғындарына туған-туыстарына қатынауға рұқсат етіледі. Бірақ бір өңірден екінші өңірге саяхаттауға болмайды. Ал кез келген басқосу 10 адамнан аспауы тиіс. Аумағы 400 шаршы метр болатын сауда орындары мен мұражай, театр және шіркеулер бірқатар шектеулермен жұмыс істей бастайды. Дәмхана мен мейрамханалардың террассалары ашылды. Дегенмен ашық аспан астында тамақтанғысы келетіндердің қарасы әдеттегі санның жартысынан аспауы қажет.

Лионель, мейрамхана қожайыны:

– Біз бәрін талапқа сай дайындадық. Мысалы, үстелдер 1 метр арақашықтықпен орналастырылды. Барлығын тазалап, зарарсыздандырдық. Тұтынушылар біздің сақтық шараларымызды бағалап, террасамызға келіп тамақтанады деген үміттеміз.

Францияда бүгіннен бастап карантин тәртібі жеңілдетілді. Енді көшеге шығу үшін арнайы рұқсат қағазы талап етілмейді. Сонымен қоса мұражайлар мен сауда орталықтары ашылады. Сөйтіп елде 50 күнге созылған қатаң карантин режимі босаңдатылды. Ел аумағында дүкендер де жұмысын қайта бастады. Ал мейрамхана, бар, кинотеатр, фитнес-орталық, казинолар маусым айының соңына дейін жабық күйінде қалады.

Ариэль Николай, Париж тұрғыны:

– Жағдай сәл де болса жақсарып келеді. Алайда вирустың таралуы тежелді деуге болмайды әлі. Жақын арада бәріміз де қалыпты өмірге қайта оралсақ екен. Ең бастысы, адамдар сақтық шаралары жайлы ұмытпау керек.

Біріккен Корольдікте бүгіннен бастап кеңсеге барып жұмыс істеуге рұқсат. Бастысы әлеуметтік арақашықтықты сақтап, қорғаныш құралдарын кисеңіз болғаны. Ал 13 мамырда шектеусіз спортпен айналысып, отбасымен сыртқа серуендеуге рұқсат етіледі. Бұған дейін тұрғындар мұндай мүмкіндікті күніне тек бір мәрте ғана пайдалана алатын. Енді ұлттық саябақ пен жағажайға баруға да болады.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

– Ел тұрғындарының бостандығына шектеу қойылғалы міне екі ай өтті. Мұндай жағдай әлемде тіпті соғыс кезінде болмаған. Халық аса жауапкершілікпен қарап, бекітілген талаптарды орындады. Дегенмен карантин тәртібін толығымен алып тастауға әлі ерте. Эпидемияның екінші толқыны қайталанбас үшін жеңілдету шараларына аса мұқият қарауымыз керек. Кеңседегі жұмысқа тек аса қажеттілік болғанда ғана баруларыңызды сұраймыз.

Мұндай жеңілдетулер Швейцария елінде де жүзеге асты. Бүгіннен бастап онда мектептер қайта ашылуы тиіс. Оқу орындары әлеуметтік арақашықтықты сақтап жұмыс істемек. Бірақ ата-аналардың барлығы бірдей балаларын мектепке жіберуге асығар емес. Себебі оларды кей елдердегі балалардың жаңа ауруға шалдығуы алаңдатып отыр. Кавасаки дертіне ұқсас жаңа індетке көбіне 7 жасқа дейінгі бүлдіршіндер шалдығып жатыр.

Марион Муссадек, жергілікті тұрғын:

– Біз балалар арасында Кавасаки ауруына ұқсас жаңа дерттің таралуына қатты алаңдап отырмыз. Індет әлі зерттелмеген. Кей мамандар оны коронавируспен байланыстырады. Бірақ бізді мазалаған көп сұраққа әлі жауап алған жоқпыз.

Сонымен қатар бүгіннен бастап Чехияда мұражай, кинотеатр, көрме, концерт залдары ашылды. Бірақ мұндай ғимараттарға келушілердің саны 100-ден аспауы керек. Литва Еуропалық Одақ елдерінің туристеріне шекарасын ашты. Саяхатшылар елге келген соң екі апталық карантинге жатқызылады. Эстонияда мейрамхана, дәмхана, сауда орталықтары қалыпты тіршілікке қайта оралды. Дегенмен ондағы кинотеатр мен балалар ойын алаңдары әзірге жабық күйінде қалады.

Әзірге Италия, Австрия, Польша, Словакия, Латвия, Венгрия елдерінде шектеу шараларына қатысты айтарлықтай өзгерістер жоқ.

Хабар 24 телеарнасы