420,22 505.95 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әлемде велосипедке сұраныс артқан

  • 365
  • UPD: 14:09, 13.05.2020

Бұл көлік құралының салауатты өмір салтын ұстанудан бөлек, соңғы уақытта танымалдығының артуына тағы бір себеп бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлемнің көптеген елінде карантин шаралары біртіндеп жеңілдетіле бастады. Сөйтіп халықтың біразы жұмысқа қайта оралып жатыр. Алайда жұрт автобус не метроға мінуге әлі қорқатынын айтады. Сондықтан велосипедпен қатынауды жөн көріп отыр. Осы ретте көліктің бұл түріне деген сұраныс артқан. Нью-Йорк билігі қаладағы көшелердің 75 шақырымын велосипед жолағына бөлген. Спорттық тауарлар дүкендерінің клиенттері қатарында қоғамдық көлікке мінуден қорқатын тұрғындармен қатар, ұзақ уақыт бойы үйде отырудан жалыққан жұрт та бар.

Уилл Прайс, Нью-Йорк тұрғыны:

– Үйдің жанындағы азық-түлік дүкенінде адам көп болады. Сондықтан басқа сауда орнына велосипедпен жеткен ыңғайлы. Одан бөлек, карантинде үйде отырып, әбден мезі болдық. Таяуда саябақ бар. Залда жаттыққанша, сонда барып велосипед тебуге болады.

Еуропада да ұқсас жағдай. Сондықтан Ұлыбритания билігі велосипедпен және жаяу серуендеуге арналған инфрақұрылымды жақсартуға 2 жарым миллиард доллар бөлеміз деп отыр.  

Грант Шаппс, Ұлыбританияның көлік министрі:

– Біз велосипедпен жүрудің ұлттық жоспарын ұсынғалы отырмыз. Ол маусымның басында жария етіледі. Соның арқасында 2025 жылға таман велосипедпен және жаяу серуендеу саны екі есе артуы тиіс.

Франция астанасы Парижде қарбалас кезінде метро вагонында бір шаршы метрге 4 адамнан келеді. Алайда бұл жағдайда әлеуметтік қашықтық сақталмайтыны түсінікті. Сондықтан елде қатаң карантин тәртібі жеңілдетілгеннен кейін ірі шаһарларда қосымша велосипед жолақтары салына бастады. Мәселен, Парижде бұл мақсатқа 50 шақырым бөлінген. Жергілікті тұрғындар әзілдеп, оны «коронавирус жолақтары» деп атап кеткен көрінеді. Одан бөлек, Париж басшылығы қаладағы ең ұзын әрі ең танымал көшелердің бірі – Риволи бойымен қоғамдық көлік қозғалысына тыйым салды. Есесіне, билік халықты велосипедті қолдануға шақырып отыр. Бұл тұста ол сынып қалса, жөндеуге кететін шығынның бір бөлігін, атап айтқанда, 50 еуроны үкімет өзіміз өтейміз дейді. Сонымен қоса, велосипед тебе алмайтын француздарға 1-2 сағаттық тегін тренингтен өту ұсынылды.

Теодор Берг Бой, Париж тұрғыны:

– Біз дүкенге велосипед сатып алуға келдік. Көбі коронавирус кесірінен метромен қатынаудан қорқады деп ойлаймын. Сондықтан көліктің бұл түріне деген сұраныс әлі басылмайтын шығар.

Бельгия билігі де жұртты бір жарым метрлік қауіпсіз қашықтықты сақтауға шақырып отыр. Сол себепті Брюссельде велосипедпен және жаяу жүруге басымдық беріледі. Мәселен, жаяу жүгіншілерге тек тротуармен ғана емес, көлікке арналған жолмен де жүруге рұқсат. Ал шаһардың тарихи орталығында темір тұлпармен қозғалу жылдамдығы сағатына 20 шақырымнан аспау керек. Сонымен қоса алдағы уақытта қалада 40 шақырым жаңа велосипед жолағы пайда болмақ. Халық оларды пандемия аяқталғаннан кейін де қолданыла алады.

Велосипедке деген сұраныс АҚШ-пен Еуропадан бөлек Колумбияда, Ирак пен Қытайда да көбейіп келеді. Сөйтіп, оның экологиялық жағынан ғана емес, вирустан қорғану тұрғысынан да қауіпсіз көлік ретінде танымалдығы арта түсті. Жақында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да пандемия кезінде ірі шаһарларда мүмкіндігінше жаяу жүріп, қоғамдық көліктің орнына велосипедке отыруға кеңес берген болатын.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Алмагүл Серікбай

Хабар 24 телеарнасы