418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркия маусым айынан бастап туристерді қабылдайды

  • 197
  • UPD: 15:58, 14.05.2020

Түркия шетелдік туристер үшін шекараны жаппайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Табысын туризмнен тауып отырған мемлекет маусым айынан бастап өзге елден демалушыларды қабылдайды. Елдің мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Ерсой саяхатшыларды қабылдайтын қонақүйлер «салауатты туризм» сертификаттарын алуы тиіс.

Меруерт Қанағат, тілші:

– Маусым айынан бастап Анталия жағалауындағы қонақ үйлер демалушыларды қабылдай бастайды. Үйреншікті стандарттық, suit, люкс, және патшалық жатын бөлмелерімен қоса тағы бір бөлме іске қосылмақ. «Оқшаулау бөлмесі». Коронавирусқа шалдыққан науқастар бірінші осы бөлмеге орналастырылып, алғашқы медициналық жәрдемді алады. Мұнда науқастар қан қысымы, дене қызуы және жүрек соғуы сынды көмекпен бірге, қажет болған жағдайда жасанды желдеткіштерге қосылады. Оқшаулау бөлмесі тәулік бойы қызмет көрсетеді. Мұнда арнайы дәрігерлер мен медбикелер тұрақты түрде кезекте тұрады.

Тәртіп табалдырықтан. «Хабар 24» арнасына арнайы есік ашқан қонақ үйдің бас директоры Али Қызылдағ, коронавирус кезеңінде қабылданған шараларды осылай атайды. Әуежайдан көлікпен жеткізілген саяхатшының жүктері қонақ үйде арнайы сұйықтықпен тазаланады. Қонақтар кіре берісте орнатылған «дезинфекция туннельінен» өтіп, термал камералармен дене қызуы өлшенеді.

Биыл демалушыларға ешқандай кілт және басқа құралдар берілмейді. Барлық қызмет байланыссыз жұмыс істейді. Мысалы, ресепшндағы персонал- туристтерге арнайы әйнектен жасалған қалқан арқасында қызмет көрсетеді. Тіркеу де QR код арқылы жасалады. Осы QR код арқылы бөлмедегі барлық электронды құрылғылар басқарылады.

Селда Жембуш, қонақ үй персоналы:

– Жастықтарымыз сұйықтық өткізбейтін арнайы матамен қапталған. Теледидарды қашықтықтан басқаратын пультіміз де пластикалық пакетпен қорғалған. Есікті ашып-жабу, электр энергиясын қосып-өшіру секілді қызметтер де ұялы телефонға жүктелген қосымша арқылы басқарылады.

Түрік демалыс орындарында, all inclusive яғни «Бәрі бағаға қосылған» қызметі жалғасады. Тек асханадағы швед үстеліне өзгерістер енгізілді. Енді тұтынушы қалаған тамағын даяшы арқылы алады. Мұнда да арақашықтықты сақтау шарт. Сондай-ақ әлеуметтік қашықтық хауыз, жағалау орындарында да сақталады.

Али Кызылдағ, қонақ үйдің бас директоры:

– Министрлігіміздің бекіткен ережелерін орындадық. COVID-19 кезінде туризм саласындағы әлемдік озық тәжірибелерді алуға тырыстық. Қосымша құрылғылар алуымызға тура келді. Бастысы, кәсіпорынымыздың іске қосылуы мен қонақтарымыздың қауіпсіздігі. Бұл кезеңде бөлмелеріміздің тек 50% ғана қызмет көрсетеді. Арақашықтықты сақтау тұрғысынан бұл аса маңызды.

Елде туризм негізінен наурыз айынан басталатын. Алайда, әлемді шарпыған індет бұл салаға қатты әсер етті. Әрине, мемлекет қолдау көрсетті. Бірқатар салықтар мен өтемдерді кейінге қалдырып, қонақүй қызметкерлерінің 70% жалақысын төледі. Дегенмен кәсіп иелері тұтынушыларға бұрынғыша қызмет көрсетіп, табысының артқанын қалайды. Тірлігі тұралаған кәсіпкерлер коронавирустың келмеске кететін күнін тағатсыздана күтіп отыр.

Авторлары: Меруерт Қанағат, Гөкальп Йамен

Хабар 24 телеарнасы