418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өзбекстан ЕАЭО мүшесі бола ма?

  • 223
  • UPD: 14:39, 15.05.2020

Өзбек экономикасы Еуразиялық экономикалық одаққа кіруге қазір дайын емес.

Бірақ Өзбекстанның интеграциялық бірлестікке мүше болуына қатысты саяси шешім қабылданып қойған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көрші мемлекеттегі саясаттанушылар осылай деп жатыр.

Жасын Біркенов, тілші:

Өзбектердің Еуразиялық экономикалық одақпен ынтымақтасуға ниеті бар. Бірақ «қазір-ақ толыққанды мүшесі боламыз» демейді. Әзірге ұйымға бақылаушы мемлекет ретінде кіруге дайын. Үкіметтің бұл ұсынысын Өзбекстан Парламентінің қос палатасы мақұлдап отыр. Енді көптің көкейінде жүрген мәселенің нүктесін Президент қоюы тиіс. Шавкат Мирзиёев қорытынды шешімін алдағы айда Мәскеуге жасайтын мемлекеттік сапары алдында жариялауы мүмкін. Сарапшылар осылай топшылайды.

Еуразиялық экономикалық одақ бойынша өзбек қоғамы екіге бөлінді. Бірі Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Беларусь және Армениямен одақтас болуға асық. Енді бірі «шыдамсыз шыбын сүтке түседі», дейді. Қазір елдегі саяси элита, бизнес һәм қоғам өзара қызыл кеңірдек болып жатыр. Көптің пікірі «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» жөн дегенге саяды. Олардың айтуынша, әуелі бақылаушы мемлекет болып, одақпен етене жақындасып алған абзал.

Бахтиёр Эргашев, «Ma’No» бастамаларды зерттеу орталығының директоры:

- Өзбекстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болады деген саяси шешім қабылданғаны қашан. Ендігі мәселе: бұл процесс бізге қаншалықты тиімді болады? Әрі мұның экономикалық, саяси және әлеуметтік зардабы болмауы тиіс. «Ұйымға кірме» деп жатқан ешкім жоқ. Бірақ интеграциялық бірлестіктің қатарына қосылуға асықпау керек. Өзбек экономикасының сан саласында жүргендердің мүддесін қорғай аламыз ба? Әуелі осы сұрақтың жауабын табуымыз шарт.

Жасын Біркенов, тілші:

- Ұйымға біртіндеп кіру керек» деп жатқандары сондықтан. Үш жыл бақылаушы мемлекет болайық. Сосын Одақпен еркін сауда аймағын құрып, жұмыс істеп көрейік. «Шарапаты мол болса, интеграциялық бірлестіктің мүшесі неге болмасқа», дейді көршілер.

Еуразиялық экономикалық одақтан өзбектің жеңіл өнеркәсібі мен туризмі ұтатыны даусыз. Еңбек мигранттарына да жол ашылады. Олардың Ресей мен Қазақстанда жұмыс істеуіне қолайлы жағдайлар жасалуы мүмкін. Бірақ Өзбекстан ұйымға бүгін-ақ мүше болса, экономиканың кей саласы бәсекелестікке шыдамай, тұралап қалуы ғажап емес.

Бахтиёр Эргашев, «Ma’No» бастамаларды зерттеу орталығының директоры:

- Өзбекстанның банк жүйесін алайық. Олар Ресей мен Қазақстанның дамыған қаржы институттарымен бәсекелес бола алмайды. Егер біз Еуразиялық экономикалық одаққа асығып кіретін болсақ, 2-3 жылдан кейін жүк тасымалымен айналысатын өзбекстандық автокөлік компаниялары да банкротқа ұшырауы мүмкін

«Бақылаушы мемлекет» мәртебесі Одақтың әлеуетімен, әрі кемшін тұстарымен жақыннан танысуға мүмкіндік береді. Бірақ маңызды құжаттарды қабылдауда бақылаушы елдің дауысы ескерілмейді.

Авторлары: Ж.Біркенов, Қ.Оспан

Хабар 24 телеарнасы