412,24 465,50 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сарапшы: Арменияда ЖІӨ 5% қысқарады

  • 112
  • UPD: 22:27, 15.05.2020

Армения коронавирусқа қарсы жиын саны 17 бағдарлама қабылдап, оған 155 миллион доллардан аса қаражат бөлді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Премьер-министр Никол Пашинянның мәлімдеуінше, бір миллионнан аса тұрғын мен 26 мың компанияға жәрдем беріледі.

Қазір ел экономикасында қордаланған мәселе көп. Талай адам табысынан айырылып, елдегі тұтынушылық сұраныс күрт төмендеп кеткен. Осының салдарынан біраз кәсіпкер жұмысын тоқтатты.

Екі айға созылған төтенше жағдай Армения экономикасына үлкен нұқсан келтірді. Көптеген бизнесмен кәсібін жабуға мәжбүр болды. Әсіресе бұл Ереван қаласының орталығында білініп отыр. Мұнда кафе немесе сауда орындарын жалға алу қымбат. Алайда өтімдігі жоғары болғандықтан, бұрын мол пайда әкелетін. Ал қазір ақша табудың орнына, тек шығынға батырып отыр.

Арен Апикян, бизнес-кеңесші:

– Армения экономикасының 50% -нан астамын сауда мен қызмет көрсету салалары құрайды. Карантин кезінде бұл салалар толығымен тоқтап қалды. Дүкендер жабылып, халық үйінде отыр. Ал тұтыну болмаса, экономикалық өсім де болмайды. Өйткені бүкіл экономика тұтынуға негізделген.

Арен Апикянның айтуынша, ел экономикасында үлесі басым шағын бизнес індеттен ең ауыр зардап шеккен. Сол себепті елдегі жұмыссыздар саны күрт өсіп кетті.

Арен Апикян, бизнес-кеңесші:

– Кәсібі тоқырап қалған шағын бизнес қызметкерлерін қысқартуға мәжбүр. Өйткені құр үйде отырғаны үшін жалақы төлейтіндей қорлары жоқ. 

Сарапшылардың болжамынша, биыл елдің жалпы ішкі өнімі 5%-ға қысқаруы мүмкін. Айта кету керек, 2019 жылы Армения экономикасы 7,6 процентке өскен. Бұл Еуразиялық экономикалық Одаққа мүше елдер арасында ең жоғары көрсеткіш. Ел дамуын ынталандыру үшін үкімет дағдарысқа қарсы бағытталған 17 бағдарлама қабылдады. Ел тұрғындары мен кәсіпорындарға өтемақы, гранттар мен үстемесіз несиелер беріледі. Министрлер кабинетінің мәлімдеуінше, көмекпен халықтың үштен бір бөлігі қамтылды.

Никол Пашинян, Армения премьер-министрі:

– Талқылаулар кезінде өзімізге экономиканы бұрынғы қалпына келтіреміз деп айтуға тыйым салдық. Егер бұрынғы жағдайға оралсақ, мұны жеңілісіміз деп санаймыз. Мақсатымыз  экономикамызды жаңа деңгейге көтеру болып отыр.

Армения премьер-министрі қазіргі жағдайдан жаңа әрі күшті экономикамен шығуға ниетті. Алайда 2008 жылғы дағдарыстан кейін Армения экономикасы тек бірнеше жылдан кейін бұрынғы қалпына келгенін айта кету керек.

Авторлары: Лаура Жүсіпбекова, Давит Атаян

Хабар 24 телеарнасы