431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қытай мектептерінде оқушылар санитарлық талаптарды қатаң сақтайды

  • 229
  • UPD: 15:42, 19.05.2020

Қытайда өткен тәулікте тағы 6 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның үшеуі сырттан келген. Соған қарамастан, вирустың «отаны» саналатын елде ауру жұқтырғандар мен одан көз жұмғандар саны күннен күнге азайып, кеселден көрші ел біртіндеп айығып келеді. Бүгінде бүкіл ел бойынша анықталған науқастардың саны – 85. Он адамның жағдайы мүшкіл екен. Денсаулық сақтау жөніндегі мемлекеттік комитет келтірген дерек осындай. Елдегі ахуалдың беті бері қарауына байланысты, білім мекемелері қайтадан ашыла бастаған.

Кішкене балақайдың балабақшаға кіруі үшін жіті тексеруден өтіп жатқаны жазылған видео бүгінде әлеуметтік желіде кеңінен таралды. Желі қолданушыларының жорамалдауынша, бейнежазба үлгі ретінде ғана түсірілген. Өйткені Қытайда әзірге балабақшаның бәрі бірдей ашылмаған, көбі тек дайындық үстінде. Ал мектептерде әр оқушы залалсыздандыру процедурасынан өтіп, дене қызуын тексертеді. Бұған қоса, сыныптағы адамның саны 25-тен аспауы тиіс. Сондай-ақ әр бала арнайы білезік тағып жүруге міндеттелген. Ол арқылы мұғалім өз телефонындағы арнайы қосымша арқылы оқушының дене қызуын біліп отырады. Егер баланың температурасы 37,2 градустан асса, телефон бірден дабыл береді. Бұдан бөлек, білім алушылардың сыртта өтетін сабақтарда топтаспаулары үшін де тиісті шаралар қабылданған.

Сюй Вэй, Бейжің қаласындағы Жаодэнюй мектебінің директоры:

– Балалар топ болып шоғырланбай, қажетті арақашықтық талаптарын сақтаулары үшін спорт алаңдарында арнайы белгілер орнаттық. Оқушылар сол жерлерде тұрулары керек. Ал жаттығуға келер болсақ, қазір тек гимнастикамен ғана айналысып жүрміз.

Жалпы Қытай мектептері 3 деңгейлі болып келеді: Алғашқысы – бастауыш мектеп. Онда бір мен алтыншы сынып аралығында оқушылар білім алады. Ал кейінгі екі деңгейде оқушылар 3 жылдан оқиды. Қазір Бейжіңде тек жоғарғы сынып оқушылары ғана партаға отырған. Маусымнан бастап қалған шәкірттер де өз мектебімен қайта қауышады. Өз кезегінде жоғарғы оқу орындары алтыншы айдың алтысынан бастап жұмыс істей бастаса, балабақшалар қызметі маусымның 8-інен қайта жанданады. Бірақ балдырғанды балабақшаға апару не апармау ата-ананың өз еркі.

Авторлары: Ботагоз Сыргабаева, Айгерим Сулейменова

Хабар 24 телеарнасы