423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Дания елі Швеция сияқты бетперде тағудан бас тартып отыр

  • 322
  • UPD: 09:04, 20.05.2020

Тіпті, ғалымдар қызық тәжірибе өткізіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Копенгаген университетінің мамандары 6 мың адамды бетперде тағатын және тақпайтын екі топқа бөліп, денсаулығын зерттеп келеді. Данияның денсаулық сақтау агенттігі сау адамдарға күнделікті тұрмыста бетперде тағудың қажеті жоқ екенін айтады.

Дания эпидемиологтары бетперденің вирусқа қарсы тиімділігін айқын дәлелдейтін ғылыми зерттеу нәтижесін тапқан жоқ. Маска тағу қауіпсіздіктің жалған сезімін тудырады. Микробиолог Ханс Колмос аурудан сақтану үшін арақашықтық сақтап, қол жуу мен есік тұтқалары секілді адам ұстайтын заттарды тазартып тұру жеткілікті деп санайды. Тілшілерге берген сұхбатында ол «Біз бетперде қорғайтынына сенбейміз. Оны медицина мамандары мен қарттар үйлерінің қызметкерлеріне тағуға болады. Бүкіл жерде қолдануға қарсымын. Ұзақ уақыт таққанда ылғалданып, микроорганизмдер пайда болады», – дейді. Данияда бүгінге дейін 11 мың адам коронавирус жұқтырып, 547 адам қайтыс болды. Соған қарамастан жұрт қоғамдық орындарда бетперде тақпайды.

Ларс Бо Жеппесен, жаттықтырушы:

–Арақашықты сақтауға тырысамыз. Спорт клубымызда орын көп, біз де қаланың бір бөлігіміз. Сондықтан мектептерімізді қолдап, балалардың оқуына ыңғайлы орын дайындап беруді шештік.

Копенгаген мектептерінің оқушылары қазір футбол клубының аумағында оқып жүр. Кәдімгі сыныптарда коронавирустан қорғану шараларын сақтау қиын болғандықтан, қала әкімшілігі оқуды осындай кең алаңдарда ұйымдастырды.

Стин Краг, оқытушы:

–1885 жылы ашылған ескі мектебімізден гөрі, мұнда орын көп. Балалардың арақашықтықты сақтап, қолын жууын қадағалап тұрамыз.

Мартин Бостон,  Копенгаген қаласының тұрғыны:

–Кафе мен барларға барып, достармен кездескіміз келетіні рас. Күн жылығаннан кейін, сыра ішіп, жұртпен араласқым келеді.

Дания мектептері, спорт клубтары, шаштараз, дәріханалар мен мейрамханаларда халық бетперде тақпайды. Бұған өзге елдер таң қалады. Вирусты инфекциялар бойынша сарапшы Аллан Томсеннің пікірінше, бетперделер экологиялық ластану мен шаң-тозаңнан қорғайды, бірақ аурудан сақтап қала алмайды. Көрші Швецияның эпидемологтары да осындай көзқарас білдіріп отыр. Вирус бетпердеде жиналып қалуы мүмкін, ал оны шешкенде қолға түсіп, әрі қарай тарай бастайды екен. 

Авторлары: Майра Абдрахманова, Ренат Садыров

Хабар 24 телеарнасы