429,54 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Израильде соңғы 100 жылда тіркелмеген аптап ыстық орнады

  • 278
  • UPD: 12:29, 21.05.2020

Израильде бірнеше күннен бері күн ерекше ысып тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті мамандардың сөзінше, мұндай аптап бұрын-соңды тарихта тіркелмеген. Сынап бағанасы 40 градустан түсер емес. Осыған байланысты ел тұрғындары сая іздеп, су бұрқақтарын жағалап жүр. Біраз жұрт тыйым салынғанына қарамастан, жағажайға қарай жөңкілді.

Израильде күн шыжып тұр. Соңғы күндері мұнда аптап ыстық жұрт мазасын алды. «Күннің қызуы адам өміріне қауіп төндіре бастады», - дейді мамандар. Олардың айтуына қарағанда, мұндай ми қайнатар ыстық Таяу Шығыста соңғы 100 жылда тіркелмеген.

Евгений Брайнин, синоптик:

Ұзақ уақыт бойы ауа температурасы 40 градустан жоғары болып отыр. Мұндай көрсеткіш бұрын-соңды тіркелмеген еді. Алдағы күндері сынап бағанасы әлі де көтеріліп, рекорд орнауы мүмкін.

Атмосфераның жоғарғы қабаттарында күшті антициклон қалыптасқан. Ол батыстан соғатын желдің жағалауға жетуіне мүмкіндік бермей тұр. Теңізден салқын сезілгенімен, жел солтүстік-шығыс бағытта есіп, елге пайдасы тимей отыр. Самал жел Мысыр мен Иордания шөл далаларын аралап, ауаны кептіріп, күн одан сайын қыза түсуде.

Евгений Брайнин, синоптик:

Антициклон мен кішігірім циклонның үйлесімдігінен шығыс және солтүстік шығыс бағытта соғып жатқан құрғақ желдер пайда болды. Енді әлгі құбылыс аптап ыстықтың ұзаққа созылуына себепші болып тұр.

Шынында да, ми қайнатар ыстықтың дәл бұлай ұзаққа созылуы Израиль тарихында тіркелмеген құбылыс. Қазір ауаның құрғақтығы соншалық, ылғалдылық мүлдем сезілмейді. Соның салдарынан тұрғындар арасында күн өту мен бас айналу, тіпті көз жұму деректері де артты. Қазір азаматтар күн көзінен қорғанудың амал-шарғысын іздеп әлек. Бірі жанға жайлы сая таппай қиналса, кейбіреулер суға түсіп салқындауды құп көрген. Аптап ыстыққа байланысты аймақта сусындарға да сұраныс еселеп артқан. Ал, келесі аптада ашылуы тиіс болған кафе, барлар күтпеген жерден жұмысқа кірісті. Өйткені елді шөл қысып барады.

Раз Авидан, бар иесі:

Ашылу үшін бізге бірнеше талап қойылды. Атап айтқанда, біз әрбір келушінің дене қызуын кіреберісте тексеруіміз қажет. Сондай-ақ бір реттік ыдыстарды ғана пайдалануымыз керек. Ал қонақтар тек сыртта ғана отыра алады. Қазір жұрттың бәрі далада жүргенін ескерсек, олардың көлеңкеде салқын сусын ішіп, тынығып алуына лайықты орын осы салқындатылған кафе іші емес пе?

Қазір ел тұрғындары жағажайдан пана тапқан. Мұнда ине шаншар жер жоқ. Ресми түрде жабық болғанына қарамастан, жұрт жиналып алды. Жергілікті билік өкілдері жағдайға түсіністік танытып, ешкімге айыппұл салмайтын болды.

Авторы: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы