426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


COVID-19: әлемде вирус жұқтырған адам саны  5 миллионнан асты

  • 291
  • UPD: 20:28, 21.05.2020

Бүкіл әлем бойынша коронавирусты жұқтырғандар саны 5 миллионнан асып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Солардың 2 миллионнан астамы жазылып шыққан. 328 мың адам көз жұмды. Әлемдік статистика осындай. Соңғы 24 сағатта дүниежүзі бойынша 106 мың жаңа дерек тіркеліп, тәуліктік рекорд орнады.

Сарапшылар: вирустың өршуіне биліктің салғырттығы себеп   

Бразилияда соңғы тәулікте 20 мыңға жуық адам коронавирус жұқтырған. Бұл – пандемия басталғалы елде бір тәулікте тіркелген ең рекордтық көрсеткіш. Сарапшылар болжағандай-ақ, Латын Америкасы індеттің жаңа ошағына айналып барады. Ең күрделі жағдайлардың бірі осы Бразилияда қалыптасқан. Мемлекет қазір расталған оқиғалар саны бойынша әлемде АҚШ пен Ресейден кейін үшінші орында тұр. Мұнда 293 мыңнан аса адам вирус жұқтырған. Алайда француздың «Франс Пресс» агенттігі шындығында бұл сан әлдеқайда жоғары болуы мүмкін дейді. Өйткені елде тест аз жүргізілетін көрінеді. Жалпы, тәуелсіз сарапшылар Бразилиядағы жағдайдың ушығуына биліктің салғырттығы себеп  дейді. Өйткені президент қатаң карантин шараларын енгізуден бас тартып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына құлақ аспай келеді. Мәселен, кейбір штаттардың губернаторлары өз өңірлерінде шектеу шараларын енгізсе, президент оларды қатаң сынға алып жатыр. Айтуынша, мұның бәрі ел экономикасын құрдымға кетіруі мүмкін.

Умберто Коста, сенатор:

– Негізі, биліктің коронавирусқа қатысты ұстанып отырған саясаты дұрыс емес. Өйткені денсаулық сақтау министрлігі жұмысын штаттардың муниципалитеттерімен үйлестіріп жатқан жоқ.

Присцилла Ваз Мело, жергілікті тұрғын:

– Штаттардың губернаторлары мен қала мэрлерінің қатаң каратин енгізу туралы бастамасы дұрыс. Алайда президент онымен келіспей, өзінше шешім қабылдап жатыр. Сондықтан оның жұмысына көңіліміз толмайды.

Коронавирус пандемиясы «аштық пандемиясына» айналуы мүмкін

Африкадағы жағдай да оңып тұрған жоқ. БҰҰ  пандемия кесірінен алдағы 3 айда құрлықтың шығыс өңірінде ашқұрсақ жүрген 20 миллион халық саны екі есеге артуы мүмкін деп дабыл қақты. Мамандар коронавирус пандемиясы «аштық пандемиясына» айналып кетпесін деп ескертеді. Сарапшылардың Африкадағы жағдайға алаңдауы бекер емес. Мәселен, бір ғана Сомалиді алып қарасақ, 15 миллионнан аса халқы бар мемлекетте коронавирус жұқтырғандарды емдеуге арналған бір ғана аурухана бар көрінеді. Ал елде расталған деректер саны 1400-ден асады. 

Келер айда туристік маусым басталады

Бұл Латын Америкасы мен Африкадағы жағдай. Ал мәселен, Грекия премьер-министрі бүкіл әлемге вируспен күрес жүргізу бойынша үлгі көрсеттік деп отыр. Сондықтан мұнда 1 шілдеден бастап шетелдік туристерді қабылдауға дайындық қызу жүріп жатыр.

Кириакос Мицотакис, Грекия премьер-министрі:

– Біздің денсаулық сақтау саламыз дағдарысты өзгелерге үлгі болатындай жолмен еңсеріп шықты. Бұл сіздердің мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарауларыңыздың арқасында мүмкін болды. Енді келер айдың 15-інде елімізде туристік маусым ашылады. Ал 1 шілдеден бастап туристік бағыттар бойынша халықаралық рейстер қатынайды.

 

 

 

 

 

Хабар 24 телеарнасы