421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Беларусьте медицина қызметкерлері билік уәде еткен үстемеақының берілмегеніне наразы

  • 245
  • UPD: 11:11, 22.05.2020

Беларусьте дертті жұқтырғандар саны азайып, коронавирус қаупі сейілген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Президент Александр Лукашенко осылай деп мәлімдеді. Денсаулық сақтау министрлігінің де айтуынша, ауруханалар эпидемия алдындағы қалыпты жұмыс жағдайына көшкен. Бірақ тұрғындар ресми деректерге аса сеніңкіремейтінін айтып, жеңісті тойлатуға әлі ерте деп отыр. Тіпті бірнеше қалаға карантин енгізудің қажеттігін алға тартады.

Беларусь коронавируспен басқаша күресті. Күрес дегенде, әлемді әбігерге салған пандемия кезінде айыл жимай отыра берді. Мемлекет баяғыша тіршілігін жасады. Ештеңе тоқтаған жоқ. Тіпті спорт жарыстары да. Билік әркім өз денсаулығы үшін күресуі тиіс деп шешкен секілді. Жеңіс күні де әскери шеру өткізген жалғыз мемлекет осы. Індет біршама өршіді. Өлім-жітім де бар. Алайда карантин жариялауға асықпады. Енді қауіпті вирустың беті қайта бастады дегенді айтады.

Александр Лукашенко, Беларусь президенті:

– Қандай жағдайда да босаңсуға болмайды. Оған әлі ерте. Біз індетпен күресте таңдаған өз жолымыздың дұрыстығын көрсетіп, дәлелдеуіміз керек. Елдегі Денсаулық сақтау министрлігі, әрине дәрігерлеріміз көп еңбек етті. Талай жұмыс атқарды.

Денсаулық сақтау министрлігі де індетпен күресте оң нәтиже бар екенін алға тартады. Себебі кей ауруханаларда коронавирусқа шалдыққан науқастар азайып, қалыпты жұмыс режиміне көшкен.

Владимир Караник, Беларусь денсаулық сақтау министрі:

– Минск пен Витебскте індетті жұқтырғандардың саны азайды. Осыған байланысты онкологиялық диспансерлер қалыпты жұымысқа көшіп, тек дүйсенбі күні 30 операция жасалды.

Ал ресми дерекке сүйенсек, Беларусьте бірнеше айдың ішінде індетті жұқтырғандардың саны 900-ге ғана жеткен. Бірақ тұрғындар биліктің есептеу әдісіне күмәнмен қарайды. Билік уәде берген еді, алайда ақ халаттылардың да жалақысы көбеймепті.

Павел Шубников, жедел жәрдем тобының дәрігері:

– Адамдар наразы. Бізде кей медбикелер жексенбі күні жұмыс істеп, адамдардан сынама алады. Ал олардың жалақысына тек 27-37 рубль қосылған. Жедел жәрдем жүргізушілеріне ешқандай үстемеақы қарастырылмаған.

Дегенмен Беларусьте халық ресми жарияланбаса да, кейбір шектеулердің бар екенін айтып, енді оны да алып тастаса деп тілек айтады. Шектеу шаралары әсіресе шағын кәсіпкерлерге ауыр тиюде. Бизнесмендердің айтуынша, биліктің экономиканы қолдауға арналған бағдарламасы тек мемлекеттік саланы қамтыған.

Авторлары: Дмитрий Лукша және Константин Никаноров

Хабар 24 телеарнасы