411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еуропада вирустың екінші толқыны қыста басталуы мүмкін

  • 90
  • UPD: 21:22, 22.05.2020

Әлем елдері коронавирусқа байланысты енгізілген карантинді біртіндеп жеңілдетіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ билік «босаңсуға әлі ерте» дейді. Және тұрғындарына сақтық шаралары жайлы ескертеді. Бірақ бұған біреу құлақ асса, біреу елемей жатқанға ұқсайды. Сол себепті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері вирустың екінші толқынының басталу қаупі жоғары екенін еске салады.

Бұл тақырыпты арна тілшісі Жұлдыз Атагельдиева тарқатуға дайын.

Диктор:

- Жұлдыз, сонда кімдер сақтық шараларың елемей жатыр?

Жұлдыз Атагельдиева, тілші:

- Әнуарбек, мәселен, Грекияда бұған дейін жағажайлар ашылған. Алайда, билік сақтық шарасы ретінде 1000 шаршы метрге келетін адам саны 40-тан аспасын деп ескерткен. Алайда аптаның басында елде күн қатты ысып, жұрттың бәрі жағажайға лап беріп, биліктің ескертуіне құлақ аспаған еді.

Коронавируспен күрес әлі ұзаққа созылатын түрі бар. Еуропадағы аурулардың алдын алу және бақылау орталығының басшысы Андреа Аммонның пікірі осындай. Мамандар «Еуропада вирустың екінші толқыны қыста басталып, ол маусымдық тұмау және қызылшамен тұспа-тұс келуі мүмкін», деп отыр. Сондықтан олар «түрлі елдердің басшылары індетті жеңдік деп жар салмай, ұлттық денсаулық сақтау жүйелерін нығайтуға көп көңіл бөлген жөн», дейді.

Андреа Аммон, Еуропадағы аурулардың алдын алу және бақылау орталығының басшысы:

- Біз ешкімді де қорқытқымыз келмейді. Алайда, шындықтың бетіне тура қарау керек. Індеттің екінші толқыны қандай болары әзірге белгісіз. Адамдар ұзақ уақыт бойы үйде отырып, үйреншікті істерінен тыс қалды. Достарымен, жақындарымен кездеспей, қалаған жеріне бара алмады. Енді бірқатар елде вирустың таралуы бәсеңдей бастап еді, халық бәрі бітті екен деп ойлап жатыр. Алайда, әлі босаңсуға болмайды.

Жапония билігі де елде коронвирустың екінші толқыны болатынына сенімді. Сондықтан оның салдарын азайту қамына мықтап кірісті. Сарапшылар жапон билігінің бұл бастамасын құптап отыр. Қазір елдің біраз префектурасында шектеу шаралары алынып тасталған. Енді билік сол өңірлерде вирустың таралу динамикасын жіті бақылайтын болады.

Синдзо Абэ, Жапония премьер-министрі:

- Сарапшылардың берген бағасы негізінде біз Осака, Киото және Хиого префектураларындағы төтенше жағдай тәртібін алып тастадық. Бірақ осы өңірлердегі эпидемиологиялық ахуалды қадағалап отырамыз. Канто өңірі мен Хоккайдо префектурасында төтенше жағдай тәртібі әлі сақталады. Десе де, соңғы күндері мұнда вирусты жұқтыру деректері азайып келеді. Жағдай осылай жалғаса беретін болса, келесі аптаның басында режим алынып тасталуы мүмкін.

АҚШ билігі де елде індеттің екінші толқыны болатынына сенімді. Президент «ол жағдайда қатаң шектеу шараларын енгізбейміз» деп бірден кесіп айтты. Негізі АҚШ коронавирусты ең көп жұқтырған және індеттен ең көп кісі көз жұмған ел. Жергілікті экономика да пандемия зардабын тартып отыр. Мәселен, елде соңғы 2 айда 36 миллионнан аса тұрғын жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алуға өтініш білдірген. Сондықтан кейбір кәсіпорындар қайта ашылып жатыр. Бұл шешім Аризона, Солтүстік Каролина мен Техас штаттарындағы жұқтыру деректерінің артуына қарамастан қабылданған. Дональд Трамп «күзде коронавирустың екінші толқыны басталатын болса, экономиканы тоқтатпаймыз» дейді.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- Елімізде коронавирустың басталу мүмкіндігі жоғары. Бұл тек бізде ғана емес, басқа елдерде де болжанып отыр. Бірақ біз вирустың тез таралып кетуін болдырмаймыз. Сол себепті де індеттің екінші толқыны кезінде елімізді жаппаймыз.

Осы ретте сарапшылар «Швециядағы жағдай қайталанбаса» болды дейді. Еуропаның бүкіл елі шектеу шараларын енгізгенде, Корольдік карантиннен бас тартқан еді. Билік тұрғындардың жауапкершілігіне сенген болатын. Алайда, статистика көңіл көншітпей отыр. Елде 31 мыңнан астам адам вирусты жұқтырған. Науқастардың 4 мыңға жуығы көз жұмды. Негізі Корольдікте 10 миллионнан аса тұрғын бар. Сөйтіп, Швеция әр тұрғынға шаққандағы кісі өлімі бойынша Еуропада бірінші орынға шықты. Осы ретте сарапшылар «Швед стратегиясы тиімсіздігін көрсетті» деп отыр.

Хабар 24 телеарнасы