405,69 456,25 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ресейде коронавирус шарықтау шегіне жетті

  • 208
  • UPD: 12:51, 25.05.2020

Ресейде коронавирус инфекциясын жұқтыру бойынша мамырдың бірінен бергі ең төменгі көрсеткіш тіркелді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Санға салсақ, бұл – тәулігіне шамамен 8 жарым мың дерек. Ал вирус жұқтырған науқастардың жалпы саны бүгінде 344 мыңға жетті. Дертінен айыққандар қатары 110 мыңнан асады. Мамандардың айтуынша, қазір өңірлердің тең жартысында карантин режимін жеңілдетудің бірінші кезеңіне өтуге негіз бар. Себебі елдегі жағдай тұрақталған.

Дана Нұржан, тілші:

– Ресейде коронавирус инфекциясын жұқтыру көрсеткіші шарықтау шегіне жетті. Роспотребнадзор басшысы осылай деді. Алайда сарапшылардың айтуынша, одан тек Мәскеу мен Мәскеу облысы ғана шыққан. Ел астанасында бір аптада инфекцияға қарсы антиденелерді анықтауға арналған тесттен 50 мыңдай адам өткен. Соның нәтижесі бойынша, әрбір сегізінші азаматтың коронавирусқа қарсы иммунитеті бары анықталды. Негізі ел билігі осындай тексеруден 6 миллион адамды өткізуді көздеп отыр.

Татьяна Голикова, Ресей вице-премьері:

– Соңғы бірнеше күн бойы оң үрдіс байқалып отыр. Нақтырақ айтқанда, ауруханаға жатқызылғандар саны азайып, емханадан шығып жатқандар ұлғаюда. Бұл өте маңызды көрсеткіш. Барлық қиындық мен айтылған болжамдарға қарамастан, біздің денсаулық сақтау жүйеміз бұл сынақтан сүрінбей өтті деп сеніммен айта аламыз.

Дана Нұржан, тілші:

– Десе де, билік өкілдері қуануға әлі ерте деп отыр. Елдегі карантин режимі кезең-кезеңімен жеңілдейді. Мәскеу мэрі қызметкерлердің кеңсеге оралуына әлі ерте дейді. Қалада азаматтардың жүріп-тұруына қатысты шектеу сол күйі сақталған. Бірақ бүгіннен бастап тұрғындарға автокөліктерді жалға алуға рұқсат берілді. Алайда азаматтар оны кемінде 5 күнге алуы керек. Бұдан бөлек, бүгіннен бастап теміржол көлігімен қатынайтын әрбір азамат вокзал мен станцияларда маска тағып, қолғап киюге міндеттелді. Автобус пен метро және такси жолаушыларына дәл осындай талап қойылды. Тәртіпке бағынбағандарға 5 мың рубль көлемінде айыппұл салынбақ. Сондықтан қоғамдық көлікпен қатынайтын жолаушылардың бәрі маска киген.

Қазір шаһардағы маска тапшылығы мәселесі шешілген. Жағдай өткен айдағыдай емес. Кез келген азамат бетпердені тек дәріханадан ғана емес, азық-түлік дүкендерінен де сатып ала алады. Тіпті таксистерден алуға болады. Ал метро станцияларында қолғап пен маска кассадан бөлек, арнайы аппараттарға да қойылған Бүгін біз де кассадан маска сатып алған едік, алайда оның сапасы көңіл көншітпей тұр. Неге десеңіз, бетперде өте жұқа. Бұған қоса, мәскеуліктер оның қымбаттығын айтып, шағымданып жатыр. Өйткені ол 50 рубль тұрады. Ал мұндай маскаға көңілі толмайтындар сапалы материалдан жасалған көп реттік бетпердені сатып алуына болады.

Хабар 24 телеарнасы