405,69 456,25 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркияда 20-дан үлкен және 65 жасқа дейінгі тұрғындар ғана көшеге шыға алады

  • 161
  • UPD: 14:03, 28.05.2020

Түркияда коменданттық сағат аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ барлық азаматтарға емес. Елде 20-дан үлкен және 65 жасқа дейінгілер көшеге шыға алады. Қалған жастағы кісілердің қазірше тысқа шығуына тыйым салынған. Ел билігі бұл сақтық шараларының ораза айтынан кейін жеңілдейтінін мәлімдеген еді. Дегенмен үкімет сыртқа шығуға арналған шектеуді алып тастауға асықпай отыр.

Алғаш рет Ораза айт мейрамын үйлерінде карантиндік жағдайда тойлаған түрік жұртшылығы төрт күн араға салып көшеге шықты. Тұрғындардың біреуі жұмысқа, екіншісі азық- түлік дүкендеріне, үшіншісі таза ауа жұту үшін саябақтарға шықса, қалған бөлігі түрлі себептермен тысқа бет алды. Қазір біз Анкараның қақ ортасында орналасқан сәрсенбілік көкөніс базарына келіп тұрмыз. Түркиядағы қоғамдық жерлерде, соның ішінде халықтың ең көп жүретін базарларында бетперде тағу міндетті. Бұл жерлерге бетпердесіз кірудің өзі мүмкін емес. Базар қақпаларында арнайы бақылау қызметкерлері күзетте тұрады. Ең бастысы, халықта әлеуметтік жауапкершілік жоғары. Мысалы, қоғамдық жерлерде азамат бетпердесін шешкен жағдайда, айналасындағы азаматтар қатаң ескерту жасайды. Себебі айқын. Бетпердесін шешуші кісі өзінің де, өзгенің де денсаулығын қауіпке ұшыратады.

Байрам Айдын, сауда орнының бақылаушысы:

– Базарларға бетпердесіз кісілерді кіргізбейміз. Базардың ішінде бетперделерін шешетін болса, ескерту жасаймыз. Мұны елемеген азаматтарға қажетті шараларды қолданамыз. Сондай-ақ сатушылар да ара қашықтықты сақтауы тиіс.

Айтүл Акан, жергілікті тұрғын:

– Қоғамдық жерлерде бетпердесіз жүрген азаматтарды міндетті түрде ескертеміз. Себебі, оның вирус жұқтырмағандығы не мәлім. Аузын өзгелер үшін, мұрнын өзі үшін жауып жүргені жөн.

Осман Таркан Акан, жергілікті тұрғын:

– Бетпердесіз сыртқа шықпаймын. Тұмшасыз жүргендерді де жиі көремін. Нәтижесінде, әлемдегі жағдай белгілі. Мен неге оларды ойлауым керек?

Базарларда тұтынушының көкөністі ұстауына тыйым салынған. Яғни алушы қалаған жеміс-жидегін тек көзімен ғана көрсете алады. Өйткені кейбір азаматтар аты жаман ауруға шалдыққандығын білмей жатады. Яки, кеш байқайды. Осы текті жағдайлардың алдын алуда, ара қашықтықты ұстау – бірден-бір жол.

Махмуд Байрам, сатушы:

– Коронавирус басталғалы бері, тұтынушылардың көкөністер мен жеміс-жидектерді қолмен таңдауына тыйым салынған. Барлық вирустар қолымызда. Халқымыз көбінесе мұны ұмытып жатады. Алайда біздің жауапкершілігіміз мұны қадағалау. Әйтпесе, бұл аурудың тоқтайтын түрі жоқ.

Меруерт Қанағат, тілші:

– Түркияда бетперделерді тек қана дәріханалар мен сатуға рұқсат етілген жерлерде ғана алуға рұқсат. Ондағы медициналық тұмшалар белгілі стандартта болуы тиіс. Менің қолымдағы бетперде де дәріханадан алынған. Үш қабатты. Матасы да жақсы. Халықтың көпшілігі осы маска түрін қолданады. Сондай-ақ ел үкіметі жақында ғана жууға болатын маскаларды тағуға рұқсат етіп, жергілікті кәсіпорындарды өндіруге шақырды.

Авторлары: Меруерт Қанағат, Гөкальп Йамен

Хабар 24 телеарнасы