420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бүгін БҰҰ бітімгерлерінің күні

  • 323
  • UPD: 09:33, 29.05.2020

Бүгін БҰҰ бітімгерлерінің күні, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бейбітшілікті қорғауға бағытталған қызметін 1948 жылы қолға алған халықаралық ұйым қазірге дейін 70-тен астам миссияны ұйымдастырған. Олардың оннан астамы әлі жүзеге асырылуда. Қазақстандық бітімгерлер де көп жылдан бері ұйымның бірнеше шарасына атсалысып келеді. Коронавирус кеңінен тараған шақта бітімгерлік миссия қалай жүргізілуде.

Әлемде қазір БҰҰ-ның 15 бітімгерлік операциясы жүріп жатыр. Бейбітшілікті қорғауға бағытталған қызмет жер шарының 4 құрлығында жүзеге асырылады. Ауқымды әскери-азаматтық шараларға 110 мыңнан аса адам тартылған. Бірақ коронавирустан қарулы қақтығыс жайлаған елдердегі жағдай күрделене түскен. Осыған байланысты халықаралық ұйым басшысы соғысушы тараптардан атысты тоқтатып, індетпен жұмыла күресуге шақырды.

Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы:

– Әлемде коронавирус індетінің таралуына байланысты қарулы қақтығыстарды тоқтату туралы үндеуді жүзден астам мемлекет пен халықаралық және аймақтық ұйым қолдады. Алайда қақтығысушы тараптардың бір-біріне деген сенімсіздігінен бұл істі жүзеге асыру қиындық тудырып отыр. 

Қазір БҰҰ бітімгерлік операциясының тең жартысы Африка құрлығында жүріп жатыр. Бітімгерлер Оңтүстік Судан, Сомали, Батыс Сахара, Конго Демократиялық Республикасы және басқа да аймақтарда орналастырылған. Бірақ «КОВИД-19» бітімгерлердің қарулы қақтығыстардың алдын алып, зорлық зомбылықты болдырмауына кедергі келтіріп тұр. 

Джеймс Рейнольдс, Оңтүстік Судандағы халықаралық қызыл крест комитеті делегациясының басшысы:

– Биыл коронавирус індетінің таралуына байланысты қарулы қақтығыстардың алдын алу қиындап, құрбандар саны да артуы мүмкін. Себебі індет халықаралық ұйымдардың әрекет етуіне кедергі келтіріп отыр.

БҰҰ бейбітшілік пен қауіпсіздікті қорғау бойынша ежелгі мисссиясының бірі – Ливандағы бітімгерлік. 1978 жылы Ливаннан Израиль әскерінің шығуын қамтамасыз ету үшін құрылған миссия әлі күнге дейін жұмысын жалғастырып келеді. Қазір бұл мемлекетте 42 елдің әскерилері әрекет етеді. Олардың ішінде қазақстандықтар да бар. 120 жауынгерден тұратын қазақстандық рота үнді батальонының құрамында міндетін атқарып жатыр.

Жәнібек Нұрланов, Ливандағы Қазақстан бітімгерлік контингентінің командирі:

– Ливандағы БҰҰ бітімгерлерінің басты міндеті, Қауіпсіздік кеңесінің 1701 қарарын орындау. Нақтырақ айтқанда, аймақта қарулы қақтығысты болдырмауға күш салу. Қазақстандық ротаның басты міндеті, көгілдір сызық бойында бітімгерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. 16 шақырымдық аумақты қадағалап, халыққа түрлі көмек көрсету бойынша функцияларды жүзеге асыру. 

БҰҰ-ның бейбітшілікті қамтамасыз етуге бағытталған қызметі әрдайым сәтті болмаса да өзінің даму тарихы барысында көп жетістікке жетті.

Қазақстанның бітімгерлік миссиясына атсалысуы халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға септігін тигізіп жатқаны анық.

Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Әсел Жаңбыршы

Хабар 24 телеарнасы