430,39 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қытайда Парламенттің үшінші сессиясы аяқталды

  • 369
  • UPD: 10:35, 29.05.2020

Қытай Тайвань тәуелсіздігіне қарсы, бірақ аралдағы барлық саяси партиямен диалог жүргізуге дайын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы жергілікті және шетел тілшілерімен өткен брифингте Қытай мемлекеттік кеңесінің премьер-министрі Ли Кэцян мәлімдеді. Ол елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзге де маңызды сауалдарға жауап берді. 

Ли Кэцянмен кездесу алдында тілшінің бәрі коронавирусқа тест тапсырды. Айта кету керек, таяуда жұмысын аяқтаған Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының сессиясына қатысқан депутаттар да осындай тексеруден өткен болатын. Премьердің тілшілермен жүздесуі бейнеконференция түрінде өтті. Үкімет басшысы «КОВИД-19» пандемиясына қарсы күресте халықаралық қауымдастықпен ынтымақтасуға және ақпаратпен ашық түрде алмасуға Қытай мемлекеті дайын екенін айтты.

Ли Кэцян, ҚХР мемлекеттік кеңесінің премьер-министрі:

– Пандемия әлі күнге дейін жалғасып, қауіпті вирус тарап жатыр. Тіпті Қытайда да ол тоқтаған жоқ, кейде індеттің шағын ошақтары тіркеледі. Ғалымдар мен мамандар азаматтарда мейілінше сақ болуға шақырады. Біз орын алған жағдайға сай қимыл жасап, жаңа оқиғалар тіркелгенде, ақпаратты ашық жариялауға және вирусқа қарсы күресте ғылыми әдістерді қолдануға тиіспіз.

Премьер соңғы айларда Қытай бұрын-соңды болмаған қиындықтарды бастан кешкенін мойындады. Оның айтуынша, дағдарысты еңсеру үшін кәсіпорындарға қолдау көрсету және жаңа жұмыс орындарын ашу мен тұтыну мөлшерінің артуын ынталандыру қажет. Тілшілер Тайвань мәселесін де тілге тиек етті. Премьер үкімет «біртұтас Қытай» қағидатынан таймайтынын, яғни аралдың тәуелсіздігіне қарсы екенін ашып айтты. Сондай-ақ үлкен дау туғызған Гонконгтың ұлттық қауіпсіздігі жөніндегі қарар жобасы да назардан тыс қалған жоқ. Еске салар болсақ, бұл құжат Батыс елдерінің сынына іліккен: АҚШ қатал жауап шаралар қабылдайтынын жарияласа, Еуроодақ өз алаңдаушылығын білдірді. Ал Гонконгтың өзінде індетке қарсы шектеулерге қарамастан, қала тұрғындары наразылық шеруге шықты. Қытай билігі болса, бұл құжат Гонконгта қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталғанын алға тартады.

Ли Кэцян, ҚХР мемлекеттік кеңесінің премьер-министрі:

– Гонконгтың ұлттық қауіпсіздігін қорғауға арналған депутаттардың  шешімін айтып кеттіңіз. Бұл «бір ел  – екі жүйе» саясатының ұзақ мерзімді тұрақтылығын және арнайы ауданның дамуын қамтамасыз ету үшін қажет. 

Гонконгтың «Саус Чайна Монинг Пост» басылымының хабарлауынша, бұл құжат биыл тамыз айында қабылдануы мүмкін.

Авторлары: Ботагөз Сырғабаева, Айгерім Сүлейменова

Хабар 24 телеарнасы