412,24 465,50 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Афроамерикалықтың өлімі: Трамп Миннеаполиске Ұлттық гвардия әскерін жіберуге мәжбүр болды

  • 197
  • UPD: 21:16, 29.05.2020

Миннесота штатындағы ереуілдер басылар емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тіпті Миннеаполис қаласының мэрі аймақта төтенше жағдай жариялады. Себебі ереуілге шыққан наразы жұрт тәртіп сақшыларымен қақтығысып, полиция учаскесін өртеп жіберді. Дүкендер мен кәсіпорындарды қирата бастаған.

Ашынған жұрт жолындағының бәрін қиратып жатыр. Кеше кешкісін полиция учаскесін қоршауға алды. Тәртіп сақшылары ғимараттың шатырына шығып, ереуілшілерді көз жасаурататын газбен тарқатпақ болды. Бірақ наразы жұрт қайтар емес. Ізінше, полиция қызметкерлері тікұшақпен эвакуацияланды. Ереуілшілер ғимаратты басып алып, түгін қалдырмай өртеп жіберді.

Джейкоб Фрей, Миннеаполис қаласының мэрі:

– Түнде болған оқиға – эмоционалдық соққы. Ашу мен ызаға булыққан жұрт шыдай алмай ереуілге шықты. Бұл оқиға соның айқын дәлелі. Халықты сабырға шақырамын. Біздің қаламыз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып бірігуі керек. Әділдікті қақтығыспен орната алмаймыз. Дүкендер азық-түлік алу үшін, банктер ақша айналымы үшін, дәріхана науқастарды емдеу үшін қажет. Ашуға беріліп, әлеуметтік нысанға залал келтірмейік.

Ізінше, қала мэрі аймақта 72 сағатқа төтенше жағдай жариялады. Қаулы мэрия сайтында пайда болды. Халық қалаулысы наразы жұртты сабырға шақырғанымен, жағдай оңалмады. Бұған көңілі толмаған Ақ үй басшысы твиттерде мәлімдеме жасап, Миннеаполиске Ұлттық гвардия әскерін жіберді.

Жаппай ереуілге 25 мамырдағы оқиға себеп болды. Халықтың шыдамы осы өлімннен кейін таусылды. Бұл күні тәртіп сақшылары жалған чекпен есеп айырысқан күдікті Джордж Флойдты тұтқындауға келеді. Афроамерикалық ер азаматтың қолына кісен салу үшін полиция оны асфальтқа құлатып, мойнын тізесімен 8 минут тұншықтырған. Бұл процесс куәгерлердің видеосына түсіп қалыпты. Онда Флойд полиция қызметкеріне тұншыққанын айтып, көмек сұрайды. Өлтірмеуін өтінеді. Ізінше, оның жағдайы нашарлаған. Афроамерикалық күдікті ауруханаға жетпей, көз жұмды.

Чарльз Макмиллиан, куәгер:

– Үш-төрт офицер оны бірден жерге жатқызды. Біреуі мойынына тізесін қойып, тұншықтырды. Ол маған ауа жетпейді, тұншықтым деп айқайлады. Біз куәгерлер де тәртіп сақшыларына ескерту жасадық. Араша болғымыз келді. Олар тыңдамады. Көп ұзамай, ол анасының атын айтып, қайтыс болды.

Куәгерлер түсірген видео әлеуметтік желіге тарап кетті. Ізінше, жүздеген адам ереуілге шықты. Түс қайта олардың саны мыңнан асты. Тек, Миннеаполис емес, Нью-Йорк, Лос-Анджелес, Мемфис, Денвер қалаларында да халық наразылық акциясын бастаған. Ашынған жұрт афроамерикалықтың құқығы тапталды деп налиды.

БЛИЦ:

– Америкада афроамерикалықтардың құқығы қорғалмайды. Шаршадық. Қажыдық. Қанша жыл болды, адам құрлы көрмейді. Өзгерістер енгізетін уақыт келді.

– Бізге әділдік керек. Осындай жауыздық әрекетке барған офицерлер жазаға тартылуы тиіс. Ақ нәсілді тәртіп сақшылары афроамерикалықтарға қысым көрсетіп келеді. Қаншама адам жазықсыз ажал құшты, темір торға қамалды.

Бұл іске қатысты төрт полиция қызметкері жұмыстан қуылды. Офицерлердің кеудесінде болған бейнежазба тергеу жұмыстары үшін тәркіленді. Тергеуді президент пен бас прокурор өз бақылауына алды. Наразы жұрт тәртіп сақшыларын жұмыстан қуып қана қоймай, жазалау керек дейді. Флойд отбасының адвокаты да осындай пікірде.

Бенджамин Крамп, Флойд отбасының қорғаушысы:

– Флойд күдікті бола тұра, тәртіп сақшыларына қарсыласпаған. Керісінше қолына кісен салуға көніп тұр. Десе де, полиция аса қатыгездік танытады. Өлтірмеуін өтінген адамды тоғыз минут тұншықтырады. Бәрі видеоға жазылған. Сондықтан полиция қызметкерлерін әдейі өлтіру фактісімен жазалау керек.

Американың кейбір штаттарында бұл мәселе бұрыннан өзекті. Енді оқиға желісі қалай өрбитіні белгісіз. Ереуілге шыққан жұрттың шыдамы таусылған. Ал билік өкілдері өңірді тұрақтандыру үшін әскерге жүгініп отыр. Ең сорақысы, көтерілісті бұзақылар өз пайдасына жаратып, дүкен мен банктерді тонауға кіріскен.

Хабар 24 телеарнасы