405,69 456,25 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркияда қоғамдық тамақтану орындары ашыла бастады

  • 239
  • UPD: 23:49, 31.05.2020

Түркия да қалыпты өмірге көше бастады. Елде шектеу шараларын жеңілдетудің екінші кезеңі енгізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнда коронавирус сәуір айының орта шенінде шарықтау шегіне жеткен. Қазір жағдай тұрақталды. Біртіндеп қоғамдық тамақтану орындары да жұмыс істей бастады.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Түрік ресторандары мен кафелері 3 ай кісі қабылдай алмады. Қаңырап тұрған қоғамдық тамақтандыру орындарына қайтадан жан бітті. Бұл айтулы күнді ел азаматтарымен қатар ресторан иелері мен қызметкерлері де тағатсыздана күтті. Ас ішетін орындарда COVID-19-ға байланысты бұрынғыдай емін-еркін отыруға болмайды. Өзгерістер табалдырықтан-ақ сезіледі. Кіреберісте әуелі тұтынушының дене қызуы өлшенеді. Қызуы 38 градустан жоғары көрсетсе, азаматтар қабылданбайды. Оларға емханада тексерістен өту туралы кеңес беріледі. Ішке енетін тұтынушы қолын арнайы сұйықтықпен дезинфекциялаған соң орындыққа жайғасады. Тұтынушы ас ішер кезде ғана бетпердесін шеше алады. Ал, үстелдердің ара қашықтығы 1,5 метр, орындықтардың арасы 60 сантиметрден кем болмауы тиіс. Тамақтану кезінде қолданылатын құралдар негізінен бір рет қана кәдеге асатын заттардан тұрады. Бұл жерде арнайы санитарлық-гигиеналық курстан өткен даяшылар ғана қызмет көрсетеді. Даяшылар медициналық бетперде мен қолғап киюге міндетті. Бұрынғы аста-төк дастархан мәзірі болмайды. Швед үстелі үлгісіне де өзгеріс енді. Енді тағамды тұтынушыға даяшының өзі әпереді. Тамақтану орындарында балалардың ойын алаңдары қызмет көрсетпейді.

Ирина Колтунова, тұтынушы:

- Бұл күнді көп күттік. Қоғамдық тамақтану орындарының ашылғанын ести сала осында жүгіріп келдім. Әрине, вирус қаупі әлі толық сейілген жоқ. Мен санитарлық-гигиеналық ережелерді толық сақтайтын орынға келдім. «Сақтанғанды сақтайды» қағидасын ұмытпаған жөн.

Орхан Йылмаз, даяшы:

- Біз тұтынушыларға қызмет көрсетуде алдыңғы шепте жүрміз. Сондықтан, 8 сағаттық арнайы курстан өттік. Неге назар аудару қажеттігін, шұғыл жағдайда қалай әрекет ететінімізді үйрендік. Келушілер бұрынғыдай емес, аз болады. Дегенмен, жауапкершілігіміз артты.

Тамақтану орындарында желдету жүйесі де өзгерді. Кондиционердің фильтрі жүйелі түрде ауыстырылып тұруы шарт. Ал, желдеткіштерді қолдануға рұқсат жоқ. Жаз маусымы болғандықтан, табиғи желдету әдісі жиі пайдаланылады.

Сондай-ақ келуші ақы төлеу кезінде санитарлық талапты сақтауы тиіс. Кассир мен тұтынушының арасын арнайы қалқан бөліп тұрады. Төлем картасы қолданылған жағдайда аппарат дезинфекцияланады.

Пандемиядан кейін қызмет саласы үлкен өзгеріске ұшырады. Ара қашықтықты сақтау мақсатында қоғамдық орындар тек жартылай жұмыс істеуі тиіс. Ал, бұл жағдай бағаға қалай әсер етеді?

Нагихан Амбаркүтүкоғлұ, ресторан иесі:

- Бұрынғыдай емес, тек 50%-тік орынмен жұмыс істейміз. Қосымша санитарлық құралдар алдық. Алайда, бұл біздің өнімдеріміздің бағасына әсер етпеді. Себебі, қымбаттату тұрақты тұтынушыларды жоғалту деген сөз. Кәсіпкер ретінде табысымызды түсіруге тұра келеді. Бұл жағдай да бір күні бітетіні анық.

COVID-19 жағдайында қатты тұралаған саланың бірі осы қоғамдық тамақтану орындары болды. Тұтынушы болмағандықтан, сала қызметкерлерінің кірісі азайды. Дегенмен, кәсіпкерлер бұл жағдайда жаңаша әдіске көшті. Қазір бұл орындардың басым бөлігі онлайн сауда түрін жандандырған.

Авторлары: Меруерт Қанағат, Гөкальп Йамен

Хабар 24 телеарнасы