417,99 492,14 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Британдық ғалымдар карантиннің жеңілдігіне күдікпен қарап отыр

  • 185
  • UPD: 10:48, 01.06.2020

Англияда карантиндік шаралар жеңілдетіледі. Осының аясында далада алты адамға дейін жиналуға рұқсат беріліп, бастауыш мектептерде сабақ басталады. Бірақ ғалымдар мен кәсіподақ ұйым өкілдері бұл пандемияның екінші толқынына әкелуі мүмкін деп дабыл қағып отыр. Айта кету керек, елде соңғы тәулікте коронавирустан қайтыс болғандар саны 113 адамға көбейіп, 38 500-ге жетті.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Риджентс - Лондондағы басты корольдік бақтың бірі, Ұлыбритания астанасы тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орны. Туристер жоқтың қасы, бірақ жергілікті халықтың қарасы көп. Бүгіннен бастап тұрғындарға таза ауада туған-туыстарымен және достарымен жиналуға рұқсат етіліп отыр.

Алайда Үкімет жанындағы ғылыми кеңестің мүшелері, қоғамдық және саяси күштердің өкілдері карантиндік шараларды жеңілдету мерзімінен бұрын жасалған қадам деп отыр. Олардың пікірінше, алдымен жақында қабылданған тестілеу және қадағалу бағдарламасы өз жемісін беруі керек. Ұлттық статистика басқармасының мәліметтерінше бүгінде тек Англияның өзінде күніне 8 мыңға жуық науқас тіркеледі.

Джон Эдмундс, Ұлыбритания үкіметі жанындағы консультативтік кеңестің мүшесі:

- Үкімет аздап асығыстық танытып жатқан сияқты. Біз бұған өте сақтықпен келуіміз керек. Мәселені байыппен шешуіміз қажет. Мені осы мазалайды.

Бірақ үкіметтегілер басқа ғалымдардың зерттеулеріне сүйеніп отырғандарын айтады және халықты қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады.

Оливер Дауден, Ұлыбритания мәдениет министрі:

- Ұлыбритания үкіметінің консультативті органы құрамына 50-ден астам ғалым кіреді. Олардың пікірлері әралуан. Үкімет басым көпшілігінің пікіріне құлақ асады. Карантиндік шараларды жеңілдету арқылы тәуекелге бел буып отырғанымыз рас. Сондықтан біз өте абай болуымыз керек.

Британия экономикасы өз кезегінде пандемия тудырған экономикалық дағдарыстан шығып келе жатқандай. Өйткені үкімет бизнес пен әлеуметтік өмірді бақылауда ұстауды кезең-кезеңімен тоқтатып келеді. Бірақ Англияның ұлттық банкі екінші тоқсанда ішкі жалпы өнім деңгейі 25 процентке қысқаруы мүмкін екендігін ескертеді. Сөйтіп мемлекет соңғы үш ғасырда болмаған ең ауыр экономикалық дағдарысқа ұшырауы ғажап емес.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы