432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өзбекстан Халықаралық балаларды қорғау күнін онлайн тойлады

  • 318
  • UPD: 22:13, 01.06.2020

Мереке жергілікті арнаның тікелей эфирінде өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Онлайн мереке оқушылар үшін таңсық емес. Осыдан бір апта бұрын мектеппен қоштасудың басты нышаны – соңғы қоңырау да тікелей эфирде күмбірлеген еді. Бүгін де балалардың төл мейрамы осындай форматта тойланды. Өйткені Өзбекстанда қатаң карантин шаралары қолға алынған. Ойын-сауық орындар мен дәмханалар жұмыс істемейді. Кейбір қалаларда тіпті көшеге де шығуға тыйым салынып отыр. Сол себепті балалар мерейлі мерекені үйлерінде атап өтуге мәжбүр.

Алишер Азимов, Uzreport tv телеарнасы бас редакторының бірінші орынбасары

– Онлайн соңғы қоңырау көпшіліктің қызығушылығын арттырды. Мектеппен қоштасу кешін теледидардан 3 млн адам тамашалады. Содан кейін көрермендеріміз Халықаралық балаларды қорғау күнін дәл осылай онлайн форматта өткізуді сұрады. Еліміздегі карантинге байланысты біраз өңірде балалар үйлерінен шыға алмай отыр. Сол себепті біз оларға мерекелік көңіл-күй сыйлауымыз қажет.

Құттықтаулар мен жас өрендердің өнері онлайн өтті. Тек ел астанасының кішкентай тұрғындары ғана хайуанаттар бағына баруға мүмкіндік алды. Бұл зообақ – балғындардың қыдыруға болатын Ташкенттегі жалғыз жер.

Елена Погасян, қала тұрғыны:

– Балалар екі ай бойы үйде отырып, әбден зерікті. Біз түрлі ойындар ойнап, қолдан бұйымдар жасап, балапандарымыздың көңілін көтеруге тырыстық. Ал бүгінгі мейрам балаларға өзге мерекелерден ерекше болып отыр.

Мерекелік думанда көшеде қыдырып жүрген балаларға да, үйде отырған бөбектерге де сыйлықтар таратылды.

Авторлары: Ж.Біркенов және Қ.Оспан

Хабар 24 телеарнасы