412,55 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеу ісімен әлемнің 40-қа жуық зертханасы айналысып жатыр

  • 156
  • UPD: 23:12, 01.06.2020

Бүгіннен бастап әлемнің көптеген елі карантин ережелерін жеңілдете бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, коронавирустан өзгелерден гөрі көбірек зардап шеккен Кәрі құрлық қалыпты өмірге қайта оралуға асық.

Бүгін Испания астанасы Мадридте мәдени орталықтар қайта ашылды. Ресторандар мен дүкендер де қалыпты қызметке көше бастады. Базарлардың жұмысына да жан біткен. Алайда тұрғындар әлі де әлеуметтік арақашықтықты сақтап, санитарлық талаптарды орындауы тиіс.

Элиза Гомес, Мадрид қаласының тұрғыны:

– Өз басым өнерді өте жақсы көремін. Сондықтан мәдени орталықтар мен музейлердің қайта ашылуы мен үшін керемет жаңалық. Бірте-бірте қалыпты өмірге қадам басып келеміз. Алдағы уақытта жағдай бұдан жақсы болады деп сенемін.

Вирус көп тараған Италияда да шектеу шаралары біртіндеп алынып жатыр. Мәселен, 3 ай бойы жабық болған Рим Колизейі бүгін келушілерге есігін қайта ашты.

Альфонсина Руссо, Колизей директоры:

– Пандемияға байланысты 84 күн бойы жабық тұрған Колизейді қайтадан зор қуанышпен ашып отырмыз. Бүгіннен бастап әрбір келушіні құшақ жая күтіп алуға асықпыз.

Төрт бөліктен тұратын Ұлыбританияның Англия бөлігінде де шектеу шаралары жеңілдеуде. Енді ел азаматтары далада 6 адамға дейін топ болып жинала алады. Сондай-ақ бүгіннен бастап 2 ай бойы үйде болған бастауыш сынып оқушылары қайтадан мектепке орала бастады.

Гарри Хоман-Рассел, ата-ана:

– Коронавирус кесірінен балалар ұзақ уақыт бойы мектепке бармады. Үлкеніміз достарымен көрісе алмай, біраз қиналды. Сондықтан оның мектеп қабырғасына қайта оралғанына қуаныштымын.

Карантин талаптары түрік елінде де жеңілдеді. Бүгіннен бастап кафе-ресторандар ашық, спорт залдары мен бассейндердің жұмысына да рұқсат берілген. Сондай-ақ саябақтарда емін-еркін серуендеуге болады. Бұған қоса, қалалар арасында қатынайтын көліктердің қозғалысы да қайта жанданды.

Әлем бойынша карантин тәртібі біртіндеп жеңілдей бастағанымен, қауіпті вирустың емі әлі табылған жоқ. Қазір вакцина әзірлеу ісімен әлемнің 40-қа жуық зертханасы айналысып жатыр. Мәселен, Қытайдың ЦанСино Biologics зертханасында жасалған препарат алғашқы сынақтан сәтті өтіпті. Оксфорд университетінің ғалымдары да оң нәтижеге қол жеткізген.

Хабар 24 телеарнасы