405,69 456,25 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Коронавирус Германияның туризм саласына қалай әсер етті?

  • 128
  • UPD: 11:36, 02.06.2020

Пандемиядан бүкіл әлем жапа шегіп отыр. Оның қатарында Германия да бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әдетте неміс халқы демалысын алдын ала жоспарлайды. Бірақ биыл жағдай өзгеше. Коронавирус Германияның туризм саласына қалай әсер етті?

Немістер әлем бойынша ең көп саяхаттайтын халықтар қатарында. Еуропадағы ең сүйікті бағыттары Италия, Испания, Грекия. Алайда, індет кесірінен биыл жазғы демалысын көбі өз елінде өткізетін түрі бар. ZDF телеарнасы өткізген сауалнамаға қарағанда тұрғындардың тек 13%-і Еуропаның өзге елдеріне және 1%-і Еуроодақтан тыс жерге баруды көздеп отыр.

Ирис Борхерт, турист:

Коронавирус індетіне дейін Хорватияға баруды көздедік. Алайда, бұл жоспарымыздан бас тартуға тура келді. Хорватия шекарасын ашқанын оқыдық, бірақ біз әзірше кідіре тұруды шештік. Осы жазда Германияда қалатын шығармыз.

Сарапшылар биыл ішкі туризм серпін алады деп болжап отыр. Әсіресе, Балтық теңізі жағалауына демалуға баратын туристер саны күрт артпақ. Ал, белсенді демалысты ұнататындар Бавариялық Альпы тауларын таңдайтын түрі бар. Кемпинг-туризмге де сұраныс өсіп кетті.

Лео Ингенрат, Кемпинг саласының өкілі:

Бүкіл Германиядан қонақ күтеміз. Өйткені саясаткерлер ел ішінде демалуға нұсқау берді. Әдемі жерлеріміз көп. Кемпинг үшін керемет орын табуға болады. Тәуекелге бел бумай, өзге елдерге барудың қажеті жоқ.

Еуропа мемлекеттерінің көбі шекараларын 15 маусымда ашады. Бұл немістер демалуды ұнататын Грекия, Швейцария және өзге елдерге бара алатынын білдіреді. Алайда, сарапшылардың пікірінше, Германия тұрғындарының басым бөлігі өз елінде демалатын түрі бар.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы