405,69 456,25 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ-тағы ереуіл: Нью-Йорк билігі коменданттық сағатты ұзартты

  • 126
  • UPD: 14:26, 03.06.2020

АҚШ-тағы ең ірі қала Нью-Йорк шаһарында тәртіпсіздіктер мен тонау, қарақшылық тоқтамай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті билік түн ауа жауыздық әрекеттердің күшеюіне байланысты коменданттық сағатты ұзартты. Алайда мұндай шара бұзақылар ісіне тоқтау сала қоймаған. Шаһарда дүкендерді тонап, полицейлерге шабуылдар жалғасуда.

Нью-йорк ешқашан ұйықтамайтын қала екенін коменданттық сағат кезінде де көрсетіп отыр. Күндіз шаһар коронавируспен байланысты әдеттегі қарбалас өмірін кешсе, кеш түсе жағдай күрт өзгереді. Күндізгі бейбіт шерулер түн ауа қақтығысқа ұласады. Қатаң шектеу шараларына қарамастан көшелерде топ-топ болған адамдар көбейіп, тонау мен ойрандау басталады.

Эндрю Куомо, Нью-Йорк штатының губернаторы:

– Наразылық акцияларының барлығы – бейбіт ұйымдастырылып жатқан шерулер. Оларды қарақшылармен шатастырмайық. Джордж Флойдтың өліміне қатысты шерулер мен тонаушылық екі бөлек мәселе. Сондықтан жағдайды саяси мақсатта пайдалануға жол бермейік.

Михаил Бернадский, Нью-Йорк қаласы полиция басқармасының қызметкері:

– Полицейлер негізінен дүкендерді қиратып, ұрлық-қарлық жасап жатқандарды, ғимараттардың ішінде жүрген адамдарды ұстап жатыр. Яғни олардың қылмыстық әрекетке барғанын дәлелдейтін айғақтар жеткілікті.

Жергілікті билік осылай мәселеден саяси астар іздеп жатса, ірі компаниялар бұзақылардан өздерін қорғаудың басқаша жолын таңдаған. Көптеген мекеме кәсібін сақтау үшін жекеменшік күзет қызметіне жүгінуді жөн көрген. Сауда орталықтарында полицейлерден бөлек, қарапайым күзетшілер де көбейген. Алайда мамандар тобырды мұндай шаралар тоқтата қоюы екіталай дейді. 

Елена Ибрагимова, психолог:

– Бастапқыда наразылықтың тууына Джордж Флойдтың өлімі түрткі болды. Ендігі жағдай мүлдем өзгеше. Оған шерушілердің өзін ортақ үлкен істің бір бөлігімін деп ойлауы себеп. Сондықтан әр адам өз пайдасын ойлап, ұпайын жібергісі жоқ. Наразы жұртты біріктіріп отырған осы. Халық өзін-өзі сендіріп, алдау арқылы агрессияға жол беріп отыр.

Ал соңғы бір тәулікте қалада 700 адам қамауға алынған. Шаһарға тонау-ойрандаудан миллиондаған шығын келген. Коронавирустан ес жиып үлгермеген мегаполистегі тәртіпсіздіктер қашан аяқталатыны белгісіз.

Авторы: Георгий Цихисели

Хабар 24 телеарнасы