405,69 456,25 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украинада карантин ішкі туризмнің дамуына серпіліс берді

  • 110
  • UPD: 14:29, 03.06.2020

Украина билігі коронавирусқа байланысты жарияланған карантиннен 5 кезеңмен шығуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір үшінші кезеңі өтіп жатыр. Өңіраралық көлік және теміржол қатынасы реттелуде. Ішкі туризмді дамыту мақсатында курорттық бағытқа қатынайтын қосымша пойыздар санын арттыруды көздеп отыр.

Аида Қыдырбай, тілші:

– Әлемді әбігерге салған пандемия салдарынан көптеген мемлекет әуе байланысын әлі толығымен реттеген жоқ. Осы сәтті пайдаланып, Украина билігі биыл ішкі туризмді дамытуды мықтап қолға алмақшы. Ол үшін курорттық бағытқа қатынайтын қосымша пойыздардың сыйымдылығы өткен жылмен салыстырғанда 20-25 пайызға артпақ.

Әсіресе, Украинаның таулы батыс аймағы және Одесса бағыты, Қара теңіз маңындағы өңірлерге тікелей теміржол қатынасы артпақ. Жылына 55 млн-ға жуық азамат пойызбен жүреді екен, бұл сан карантин кезінде әдеуір өседі деп болжайды мамандар. Ішкі туризмді дамыту үшін мемлекеттің күре тамыры саналатын тас жолдардың да маңызы ерекше, сондықтан Украина билігі ең алдымен курорттық бағытқа қатынайтын өте нашар жолдарды жөндеуге кіріспек. 

Александр Кава, жол-көлік саласының сарапшысы:

– Көптеген мемлекет шекарадағы шектеуді әлі толық алған жоқ. Сондықтан туристер Украинаның өзінде саяхаттауға мәжбүр болады. Мұндай туристердің саны 5 млн-ға дейін артпақ. Сондықтан жол мәселесін де Украина билігі қолға алған, биыл 500 шақырым жол жөнделмек.

Бес жыл бұрын Киев қаласының тұрғыны Артем Авраменко туристік клуб ашқан. Алайда дәл карантин кезінде ішкі туризм белсенді дамып, Украина аймағындағы демалыс түрлеріне сұраныс бірден екі есе артқан. Мұндай мүмкіншілікті тиімді пайдалануға бар күшімізді жұмсаймыз дейді клуб жетекшісі.

Артем Авраменко, жергілікті туристік клубтың жетекшісі:

– Карантинге байланысты ішкі туризм жандана бастады. Біз Украинаның жаңа туристік орнын ашып жатырмыз. Әсіресе Карпат маңы зор сұранысқа ие. Жаз айларында атпен серуендеп, сарқырамаларға баруға болады. Қыста тау демалысын ұйымдастырамыз.

Өңіраралық, қаларалық темір жол қатынасы біртіндеп реттеліп, тас жолдар жөнделіп жатқанымен, Украинаның демалыс орындарындағы қызмет әлі де ақсаң. Оның үстіне отандық курорттық орындардың бағасы да карантин кезінде бірден шарықтап кетті дейді ел тұрғындары. Алайда кәсіпкерлер көрсетілетін қызмет түрлері Еуропа елдеріне қарағанда әлдеқайда арзан деп ақталуда.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Александр Кошарный

Хабар 24 телеарнасы