412,24 465,50 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ-та басталған ереуілдер Еуропада жалғасты

  • 155
  • UPD: 22:49, 03.06.2020

АҚШ-та нәсілшілдік пен полицияның қатыгездігіне қарсы ереуілдер басылған жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нью-Йоркте енгізілген коменданттық сағатқа қарамастан, тонаушылық пен вандализм азаймай тұр. Вашингтонда наразы жұрт тәртіп сақшыларына жаппай тас жаудырған. Дүрбелеңде 11 адам қаза тапты. Ереуілдер Еуропа елдерінде де басталды.

Үш күннен бері Нью-Йорк шынында тіршілігі тоқтамайтын қалаға айналды. Күндіз қарбалас, түнде дүрбелең. Жергілікті билік коменданттық сағатты ұзартты. Бірақ оған бағынған жұрт жоқ. Ереуілшілер дүкен сөрелерін қиратып, полиция қызметкерлеріне шабуыл жасауда. Көбінесе мұндай қақтығыстан бейбіт тұрғындар зардап шегіп отыр. АҚШ-та ереуілдер басталғалы 11 адам көз жұмыпты.

Ақ үй басшысы бассыздықты тоқтату үшін «Американың ең үлкен мегаполисіне әскер кіргіземін» деп сес көрсетті. Жергілікті билік президенттің бұл бастамасына қарсы. Десе де, шыдамның да шегі барын айтады.

Эндрю Куомо, Нью-Йорк штатының губернаторы:

Нью-Йоркте 38 мың полиция офицері бар. Бұл Америка Құрама Штаттарындағы ең ауқымды полиция департаменті деген сөз. Сол 38 мың адамды мүлікті қорғауға шығару керек. Тәртіп сақшылары азаматтар қауіпсіздігі үшін жауап береді. Видеодағы кадрларды қараңыздар. Масқара ғой бұл!

Жансұлу Дүйсенәлі, тілші:

- Ал, мынау кадрлар Вашингтоннан. Мұнда да коменданттық сағат енгізілген. Бірақ бұл шектеу ереуілшілердің Ақ үйді қоршап алуына кедергі келтірмеді. Ізінше наразы жұрт полиция көлігін өртеп жіберді. Екі тәртіп сақшысы жарақаттанды. 300 белсенді тұтқындалды. Трамп болса, дәл осы уақытта Твиттерге Вашингтонның ең қауіпсіз жер екенін жазған болатын.

Джерри, ереуілші:

Мен бәрінен шаршадым. Адамдар агрресивті болып кетті. Бірақ оның да себебі бар. Соңғы 400 жыл бойы зорлық-зомбылыққа шыдап келеміз. Сондықтан өзім, отбасым, балаларым үшін күресуге шықтым. Осыдан бес жылдан соң ештеңе өзгермесе, өлгенім артық. Біз бұл тәртіпке бағынуға міндетті емеспіз.

Белсенділердің бұл жан айқайын мұхиттың арғы жағындағылар да естіді. Естіп қана қоймай, қолдауға шықты. Осылайша, ереуілдер Еуропада да жалғасып жатыр. Оның қатарында Ұлыбритания, Нидерланд, Греция, Грузия елдері бар. Ал, Париждегі қолдау акциясы – ең ауқымдысы. Онда санитарлық шектеулерге қарамастан, ел-жұрт әділдікті талап етуде.

Абдалла Гомес, ереуілші:

- АҚШ-тағы оқиғаны бақылап отырмыз. Афроамерикалық полицияның қатыгездігінен көз жұмды. Бізде дәл осындай қайғылы оқиға 4 жыл бұрын болған. Ол полицейлер әлі жазаланбады.

Хлоя Боккара, ереуілші:

Франциядағы өзекті мәселе бұл. АҚШ-тағы куәгерлер қайта барлығын видеоға түсіріп үлгерген. Бізде де әділетсіздік бар. Францияда расизм деген тек қара нәсілділерге ғана емес, гомофоб, антисемитизм және исламофобияға да бар.

Мұндағы бейбіт акция да жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Тәртіп сақшылары наразы халықты көз жасаурататын газбен тарқатты.

Авторлары: Жансұлу Дүйсенәлі

Хабар 24 телеарнасы