426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан тестілеу бойынша стратегиясын қайта қарастырды

  • 345
  • UPD: 09:16, 04.06.2020

Қазақстан - тестілеу бойынша тиімді стратегияны қабылдаған мемлекеттердің бірі. Кейбір елдерде жағдай біртіндеп тұрақталып, коронавирусты жұқтырудың жаңа деректері азая бастағанын көріп тұрмыз. Соңғы бірнеше аптада Қазақстан мен Әзербайжан тестілеу бойынша өз стратегиясын қайта қарастырды. Эпидемиологиялық бақылау жүйесін реттеді. Бұл туралы Копенгагенде өткен брифингте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының аймақтық директоры Ханс Клюге мәлімдеді.

Жанат Эрнст, тілші:

- Коронавирусқа қарсы бірақатар алдын алу шаралары қабылданса, індеттің екінші легінен аман қалуға болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропадағы аймақтық бюросының директоры Ханс Клюге осындай пікірде. Ол індеттің қайта өршу қаупі әлі сақталып отырғанын ескертті. Сондықтан шектеулерді біртіндеп алып тастап, жағдайды мұқият қадағалау қажет.

Ханс Клюге, ДДСҰ Еуропадағы аймақтық бюросының директоры:  

- Індеттің екінші легінің алдын алуға болады. Алайда көптеген елдер шектеулерін алып тастап жатыр, ал бұл коронавирустың қайта өршу қаупін тудыратыны анық. Өйткені бізде әлі күнге дейін вакцина мен COVID-19-ды емдеу әдісі жоқ. Жақсы бір жаңалығымыз, індеттің бірінші легінен кейін көпті үйрендік. Қайта өршісе, бұрынғыдан дайындығымыз жақсы болмақ. Вирусты жақсы түсіне бастадық, қай шаралар тиімді екенін білеміз.

Індеттің екінші легі қашан басталады және Қазақстан және Орталық Азияда бұл дерттің таралуы бойынша қандай болжам бар деген сұрақ қойдық. 

Ханс Клюге, ДДСҰ Еуропадағы аймақтық бюросының директоры:  

- Қазақстан - тестілеу бойынша жақсы ойластырылған стратегияны қабылдаған мемлекеттердің бірі. Бүгінде бұл елдің жүргізіп жатқан орасан зор еңбегінің жемісін көріп тұрғанымызды айтып кету керек. Вирусты толық жеңіп, ол құрып кетпегенше күресімізді жалғастырумыз керек. Ресей және Орталық Азия мемлекеттерінің денсаулық сақтау министрлерімен үнемі бейнеконференция өткізіп тұрамыз.

Әлемнің үздік ғалымдары коронавирустан вакцина шығаруға бар күшін салып жатыр. Ханс Клюге бұл дертке қарсы дәріні ойлап тапқанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны әділ негізде үлестірілуін қамтамасыз ететініне сендірді. Ұйым ғылыми мәліметтер құқықтары бойынша жаһандық пул құру ұсынысын және жаңа ем әдістері, технологиялар мен вакциналардың қолжетімді болуын қолдап отыр. 

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы