418,90 492,14 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Лондонда нәсілшілдікке қарсы шеру полициямен қақтығысқа ұласты

  • 219
  • UPD: 16:00, 04.06.2020

Лондонда нәсілшілдік пен зорлық-зомбылыққа қарсы шеруге шыққандар полициямен қақтығысып қалды. Тұрғындар полицей қолынан қаза тапқан афроамерикалық Джордж Флойдты қолдау мақсатында Гайд парктен бастап, Парламент алаңына дейін шерулетті. Наразы топ Ұлыбритания премьер-министрі резиденциясының алдына келгенде тәртіп сақшыларының тосқауылына тап болды.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Наразылық білдірушілердің көпшілігі бетперде мен қолғап киіп жүр. Бұған қоса полицейлер оларға бір-бірінен екі метр алшақ болуға шақырды. Әлеуметтік ара-қашықтықты сақтау үшін қолдарын созып жүруді талап етті. Бірақ бұл мүмкін емес еді. Өйткені жиналғандар саны өте көп.

Нәсілі мен діні, саяси ұстанымы бөлек мыңдаған адам. Олардың көбі отызға да толмаған жастар. Қолдарында «Қаралардың өмірінің маңызы бар», «Әділдік жоқ жерде бейбітшілік жоқ» деген ұрандар. Адамдардың кейбірі күре жолдың бойына жата кеткен. Осылайша да өз наразылықтарын білдіруде. 

Қыз бала:

- Біздің бәріміз тірі жанбыз. Бізге қырын қарағанды қаламаймыз. Қазір 2020-жыл. Бірақ қара нәсілділерді адамқұрлы көрмейді, олар өліп жатыр.

Әйел кісі:

- Бұл өзгеріс уақыты. Бүкіл әлемнің осы проблемаға деген көзқарасын өзгертуіміз қажет. Біз бірге күресуіміз керек.

Шеруге шыққандар қаланың басты көшелерін жауып тастады. Соның салдарынан ұзын сонар көлік кептелісі пайда болды. Ал жүргізушілер өздерінің халықпен бірге екенін белгі беру арқылы білдіріп жатты.

Қара нәсілді халыққа бостандық пен әділдік керек!

Полиция қызмкеткері тізесімен тұншықтырып өлтірген Джордж Флойд АҚШ-та қайтыс болды. Ол британиялық қара нәсілді Шон Риггпен тағдырлас десе де болғандай. Шон 11 жыл бұрын полицейлердің озбырлығы нәтижесінде көз жұмған еді. Оның әпкесі премьер-министрмен кездесуді талап етеді.    

Марсия Ригг, Шон Риггтің әпкесі:

- Мен Борис Джонсонның Ұлыбританиядағы барлық өлімдерді жіті зерттегенін қалаймын. Тергеу шаралары ашық түрде өтуі тиіс. Отбасылар әділдік жоғынан зардап шегіп жатыр.

Алғашқыда алаңдайтындай ештеңе де байқалмаған болатын. Полицейлер шерушілермен емен-жарқын әңгімелесіп, оларды қолдайтындықтарын айтып жатты. Қақтығыс бәзбіреулер  бөгетті бұзып, Ұлыбритания премьер-министрінің резиденциясына бет алған кезде басталды. 

Лондондық полицияның мәлімдеуінше төрт адам қамауға алынған. Мұндай наразылық шаралары Ұлыбританияның басқа қалаларында да ұйымдастырылды. Тағы бір шеру алдағы сенбіге жоспарланып отыр.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы