411,61 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өзбекстанда карантин талаптары жеңілдеді

  • 207
  • UPD: 20:18, 05.06.2020

Өзбекстанда карантин талаптары жеңілдетіліп жатыр. Елде дәмханалар мен мейрамханалардың жұмыс істеуіне рұқсат берілді. Фитнес орталықтар, қонақ үйлер мен шипажайлар қайта ашылды. Алайда жергілікті билік тұрғындарға санитарлық талаптарды қатаң сақтау керектігін ескертіп отыр. 

Жасын Біркенов, тілші:

- Өзбекстан эпидемиологиялық жағдайға қарай «жасыл», «сары» һәм «қызыл» болып үш аумаққа бөлінген. Соңғысына коронавирус қаупі жоғары аймақтар жатады. Мұнда карантин талаптары күшейтілген. Мәселен, көліктердің көшеде қатынауына шектеу қойылды. Темір тұлпарды тек таңертең үш сағат, кешке үш сағат тізгіндеуге рұқсат. Ал «жасыл» және «сары» аумақтарға енгізілген өңірлерде ахуал бұдан жақсы. Қонақүйлер, театрлар, спортзалдар мен фитнес-клубтар ашылды. Дүйсенбіден бастап дәмханалар, мейрамханалар мен діни мекемелердің жұмысы қайта жанданбақ. Бірақ мешіттерде жұма намазы мен шіркеулердегі жексенбілік құлшылық өткізуге әлі де тыйым салынып отыр. 

Ал жергілікті тұрғындар төрт қабырғадан мезі болып, қалыпты тіршілікті тірілтуге асық. Алайда билік кеселдің қаупі әлі сейілмей қойғанын қаперге салып, «індет қайта өршісе, карантин режимін қатаңдатамыз» деп ескертеді. 

Нұрмат Отабеков, Өзбекстанның бас мемлекеттік санитарлық инспекторы:

- Карантин талаптарын жеңілдеткен сайын жұрт жайбарақат жүрген сыңайлы. Бір бетпердені бір апта бойы тағып жүреді. Әлеуметтік қашықтықты ұстанбайтыны және бар. Эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтануы биліктің емес, халықтың әрекетіне тәуелді екенін ұғыну қажет. Амандық үшін қам жеген қауым болмаса үйлерімізде қайта оқшауланып жатуға тура келеді! 

Сақтық шараларын күшейтеміз деп қанша сес көрсетсең де, ұлттық экономиканы қалпына келтіру керек.

Шағын бизнесті оңалту үшін арнайы республикалық комиссия той өткізуге рұқсат берді. Бірақ «30 адамнан артық қонақ шақырмаңдар, қауіпсіздік ережелерін сақтаңдар» деп ескертті. Биліктің мұндай шешіміне шаңырақ көтеріп, отау құрғалы жүрген жастар да мәз, қызмет көрсету саласының кәсіпкерлері де риза.

Қайта карантин бизнесмендерді әбден қажытты. Қос бүйірінен қыспаққа алынған олар талай қаржыдан қағылды. Енді естерін жияр емес. 

Мадина Умурзакова, event-агенттік жетекшісі:

- Бізге шығынның есесін бір жылда қайтару оңай болмас. Дағдарыстың салдары бәрімізге қатты тиіп отыр. Қазір халық бар қаржысын үнемдеуге тырысады. Сол себепті олар біздің қызметімізге жүгінуден бас тартуға мәжбүр. Мұны былай қойғанда, кәсіпті сақтап қалу үшін бізге бағаларды түсіруге тура келеді.

Жасын Біркенов, тілші:

- Өзбек билігі коронавирустың таралуына барынша тоқтау салып отырмыз дейді. Дерек дәйекті болуы үшін ресми сандарды сөйлетті. Қазіргі уақытта бұл елде қауіпті індеттің 4 мыңға жуық фактісі тіркелсе, жұқпалы ауруды жұқтырғандардың 80 проценті сауығып шыққан.

Авторлары: Ж.Біркенов, Қ.Оспан

Хабар 24 телеарнасы