426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украина экономикасы қаржылық дағдарыс алдында тұр

  • 286
  • UPD: 09:50, 06.06.2020

Құлдырау соңғы айда бірден үш есеге артқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Атап айтсақ, Ішкі жалпы өнім көрсеткіші жыл басында бір жарым процент деңгейінде бағаланса, төртінші айдың қорытындысы бойынша ол 5 пайызға жетті.

Украиндағы карантин 12 наурыздан бері жалғасып келеді. Оқшаулау кезінде әр бесінші бизнес көзі жұмысын толығымен тоқтатуға мәжбүр болған. Ел Үкіметі қазір жұмыссыздар саны 197 мыңнан жарты млн адамға дейін жеткенін мәлімдеді. Салдарынан экономиканың базалық секторлары әлсіреп қалған.

Андрей Блинов, экономист:

– Мамыр мен маусым айында жұмыссыздық деңгейі 10-11 пайызға дейін жетуі мүмкін. Украина Ұлттық банкі және Халықаралық қаржы ұйымы да осылай деп болжайды. Тұрғындардың табыс көзі аз, сондықтан жол ашыла салысымен мамандар шетелге кетуін жалғастырады. Ресей мен Еуроодақ елдерімен Украина арасында ешқандай шектеу мен шенген жоқ, сондықтан Украина азаматтары кәсіп іздеп, осы елдерге кетуге мәжбүр болады. 

Украина экономикасы кезекті қаржылық дағдарыс алдында тұр деп пайымдайды мамандар. Статистикалық мәлімет экономикадағы құлдырау соңғы айда бірден үш есеге артқанын көрсетеді. Мәселен, ішкі жалпы өнімнің құлдырауы жыл басында 1,5 пайыз деңгейінде бағаланса, төртінші айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 5 пайызды құраған. Бұған Президенттің экономика саласындағы әлсіз реформасы да тікелей әсер етті дейді сарапшы.

Андрей Ермолаев, саяси сарапшы:

– Осы уақытқа дейін Зеленский мемлекеттің экономикалық моделі жайлы нақты реформаны ұсынған жоқ. Қаржылық дағдарысты еңсерудің бағыты әлі белгісіз. Осындай қысылтаяң шақта реформалар комитеті жұмысын бастады, алайда оның басшысы ретінде Саакашвили тағайындалды, бұл өте күмәнді және сәтсіз тағайындау деп есептеймін.

Карантин уақытында және одан кейінгі қаржылық дағдарыс кезінде кіші және орта бизнесті қолдау үшін Владимир Зеленский банктерден несие алу жолдарын жеңілдету қажеттігін атап өтті. Несиені ұлттық ақшамен рәсімдеген кәсіпкерге пайыздық мөлшерлемені 5-6 пайызға дейін төмендету керектігі де айтылды. Айта кетейік, Украина Ұлттық банкінің мәліметі бойынша қаржы ұйымдарындағы пайыздық мөлшерлеме орта есеппен алғанда бүгінде 35 процентті құрайды.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петро Борейко

Хабар 24 телеарнасы