418,35 495,02 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Миннеаполис билігі тәртіп сақшыларына жаңа талап қойды

  • 180
  • UPD: 18:27, 06.06.2020

АҚШ-тағы ереуілден соң Миннеаполис билігі тәртіп сақшыларына жаңа талап қойды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді полицейлер күдіктілерді қолға түсіретін кезде оларды тұншықтыру әдісін қолданбау керек. Өйткені соның кесірінен Джордж Флойд қаза тапқан еді.

Билік полицейлердің шектен шығуын айыптап, көшеге шыққан ереуілшілердің талабына құлақ аса бастаған секілді. Мәселен, Миннеаполис қаласынының полицейлеріне тұншықтыру әдісіне ғана тыйым салынған жоқ. Енді таяқпен сабап, көз жасаурататын газ бен резеңке оқ қолдану үшін де басшылықтың арнайы рұқсаты қажет болады. Сондай-ақ тәртіп сақшылары тұрғындарға зорлық-зомбылық көрсетсе, әріптестері сол жағдайды дер кезінде тиісті орындарға хабарлауға міндеттеледі. Сиэтл қаласының мэрі болса, полицейлерге алдағы 30 күн ішінде ереуілшілерге қарсы көз жасаурататын газ қолдануға тыйым салды. Ал, Калифорния губернаторы полицейлерді тұншықтыру әдісіне үйретуді тоқтатуға бұйрық берді.

Гэвин Ньюсом, Калифорния штатының губернаторы:

- XXI ғасырда полицейлер тұншықтыру секілді әдістерді қолданбау керек. Мен сондай-ақ жаппай ереуілдер кезінде тәртіп сақшыларының күш қолдануын реттейтін заңның қабылданғанын қалаймын. Жұрт бейбіт шеруге шығуға құқылы. Ондай жағдайда ереуілшілерге қарсы резеңке оқ не көз жасаурататын газ қолдануға болмайды.

Жұлдыз Атагельдиева, тілші:

- Ал, Нью-Йоркте ереуілдер әлі басылмай тұр. Қалада кешкі сағат 20:00-ден таңғы 05:00-ге дейін коменданттық сағат енгізілген. Бірақ жұрт күндіз де, түнде де наразылығын тоқтатар емес. Рас, шаһарда дүкендерді тонау, ғимараттарды талқандау секілді сотқарлық оқиғалары тіркеліп жатқан жоқ. Яғни, наразылық акциясының дені бейбіт түрде өтіп жатыр.

Ал, тұрғындар полицейлер тарапынан күш қолдану тәсілі әлі жалғасып жатқанын айтады. Нью-Йорк штатындағы Буффало қаласында болған мына оқиға соңы айғақтайды.

Бұл бейнежазбадағы ереуілшінің жасы 75-те. Қарт кісі ес-түссіз жатқанына қарамастан, оған көмекке асыққан тәртіп сақшылары жоқ. Оқиға орнына келген дәрігерлер ер адамды ауруханаға алып кеткен. Қарт кісінің жағдайы ауыр. Ал, оған қарсы күш қолданған екі полицей де тергеу аяқталғанша қызметінен шеттетілді.

Рэнди Уильямс, ереуілге қатысушы:

- Полиция офицерлері мұндай әрекеттерден аулақ болу керек қой. Олар ант бермей ме. Заңды бізден жақсы біледі. Яғни, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсінеді.

Қарт кісінің ұрып құлатқан полицейлердің әрекетін Нью-Йорк штатының губенаторы қатаң сынға алды. Бұған тұрғындар да ашулы. Дегенмен, қазір елдегі жағдай Джордж Флойд қайтыс болған кездегідей емес. Ереуіл енді бейбіт түрде өтуде.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Әсем Хасенқызы

Хабар 24 телеарнасы