418,35 495,02 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Швеция оппозициясы бас эпидемиологтың қызметінен кетуін талап етті

  • 160
  • UPD: 15:46, 08.06.2020

Швецияда бас санитарлық дәрігердің айналасында дау туды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оппозиция өкілдері «лауазымды қызмет атқарып отырған адамның шешімі елдегі жағдайды дұрыстауға септігін тигізбеді», деп налып отыр. Сондықтан оның жұмыстан кетуін талап етуде. Ал тұрғындар осыған кереғар пікір айтты.

Микаэль Андерсон, Стокгольм қаласының тұрғыны:

- Ханбалық шығар, жоқ, алабұға екен. Осында жыл сайын балық аулаймын, салмағы 10 келіден 20 келіге дейін ақсеркелер түседі. Швецияда тап осы жерде ешбір құжатсыз балық алуға болады, өйткені бұл қоғамдық орын.

Жұрт түк болмағандай Патшалық сарай мен парламент ғимаратының қарама-қарсы бетінде балық аулайды. Пандемия кезінде Стокгольмдегі қалыпты тіршілік үзілген емес: метро, кеңселер, дүкендер мен мейрамханалар жұмыс істеп жатыр. Ал, осы кезде 10 миллиондай халқы бар Швецияда коронавирусты 45 мыңдай адам жұқтырып, 4654-і көз жұмған. Дегенмен, Микаэль Андерсон індетке қарсы швед стратегиясын ең үздік санайды.

Микаэль Андерсон, Стокгольм қаласының тұрғыны:

- Екі ай бойы үйде қамалып отырғым келмейді. Сондықтан швед стратегиясын қолдаймын. Халқымыз саналы. Арақашықтық сақтап, көп адам жиналмасын десе, міндетті түрде мұны орындайды.

Елдің бас эпидемиологы да өзіне сенімді. Брифингтер мен сұхбаттарында дұрыс жол таңдағанын айтудан таймады.

Андерс Тагнелл, Швецияның бас эпидемиологы:

Бұрынғыдай негізгі стратегиямызға ризамыз. Тиімділігін көрсетті, қоғамда аурудың таралуы төмен деңгейде. Өкінішке орай ажал көрсеткіші тым жоғары, бірақ біз бұл бағытта еңбек етіп жатырмыз.

Дегенмен, бүкіл әлем Швецияға таң қалуда. Тіпті Дональд Трамп бұл елдің стратегиясын «сұмдық» деп атаған. Ал, Швеция демократтары партиясының жетекшісі Джимми Окессон бас эпидемиологтың қызметінен кетуін талап етті. Алайда, ел тұрғындарының басым көпшілігі Тегнеллді қолдап отыр.

Жохан Бергард, Стокгольм қаласының тұрғыны:

- Індет басталғанда қатаң ережелер қабылдау керек деп едім. Бірақ сосын біз дұрыс саясат таңдағанымызға көзім жетті. Дегенмен, қарттар үйлерінде көп адам қайтыс болғаны өкінішті.

Кэрин Рехнберг, технолог:

- Ешкімге тіл тигізгім келмейді, бірақ өзге аурулардан да көптеген адам қайтыс болып жүр.

Суретші Ханс Карлсон бас эпидемиологтың жанкүйерлері клубына мүше. Олардың үкімет саясатының дұрыстығына еш күмәні жоқ.

Ханс Карлсон, суретші:

- 2 метр арақашықтықты сақтап, денсаулық сақтау жүйесіне сенеміз. Швеция үкіметі бәрін дұрыс істеп жатыр. Өзге елдерде жоқ жетістіктерін көріп отырмыз.

Өткен жексенбіде індет басталғалы парламентте алғаш рет пікірсайыс өтті. Барлық саяси партиялардың жетекшілері онда Премьер-министр Стефан Лёвенның шешімін сынға алды.

Авторлары: Майра Әбдірахманова, Ренат Садыров

Хабар 24 телеарнасы