425,99 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еуропаның демалыс күндері расизмге қарсы ереуілмен өтті

  • 250
  • UPD: 22:30, 08.06.2020

Демалыс күндері лондондықтар үшін тыныш өтпеді. Мұнда қаланың қақ ортасында ереуілшілер мен полицейлер қақтығысты.

Салдарынан 22 полиция қызметкері зардап шекті. Оның екеуі аттан құлаған. Әйел полицей ауыр халде ауруханада жатыр. Сыртқы істер министрлігі, қаржы мекемесі, ізінше Даунинг-стриттегі премьер-министр резиденциясы маңында шу шығарғандар ары қарай Кинг Чарльз көшесі мен Сент-Джеймс саябағына өтпек болады. Бұл жол Букинг-ем сарайына апарады екен. Сондықтан тәртіп сақшылары ереуілшілердің жолын бөгеуге тырысқан. 

Көшеге шыққан наразы жұрт өз әрекеттерін Ұлыбританиядағы нәсілшілдікке қарсылық деп түсіндірді. Яғни АҚШ-та полицейлер қолынан қатыгездікпен қаза тапқан Джордж Флойдты қолдап шыққан. Десе де, ел премьері басқа пікірде.

«Адамдардың бейбіт ереуілге шығуға құқығы бар. Бастысы, әлеуметтік қашықтықты сақтаса болғаны. Бірақ олардың полицияға шабуыл жасауға құқығы жоқ. Бұл ереуілге іріткі салғандар бар. Олар наразы жұрт пен тәртіп сақшыларын шағыстырған. Бұл қылмыскерлер жазаға тартылады». 

Біріккен Корольдіктегі бұл ереуілдерге ондаған мың адам қатысты. Тәртіп сақшыларымен болған қақтығыстар кезінде 41 адам қамауға алынған.  

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Алғашқыда бейбіт шеруге шыққан халық Лондонның оңтүстік-батысында орналасқан АҚШ елшілігіне бет алған болатын. Парламент алаңына келгенде олар полицейлермен текетіреске түсті. Тәртіп сақшыларына шөлмек мен отшашу лақтырды. 

- Келер ұрпақ бұдан жақсы өмір сүруі керек. Қара нәсілділердің әлеуметтік жағдайы жақсаруы керек. Біз де адамбыз! Біздің де құқықтарымыз бар! 

- Наразылық шаралары тек Лондонмен шектелмегенге ұқсайды. Ұлыбританияның тағы қандай қалаларында митингілер өтті? 

- Мәселен, Англияның оңтүстік батысындағы Бристоль қаласында белсенділер 17-ғасырдың құл иеленушісі, әрі парламентариі Эдвард Колстонның құрметіне қойылған мүсінді құлатып, өзенге лақтырып жіберді. Айта кету керек, қалада Колстонның есімімен аталған көшелер мен мектеп бар. Назарларыңызға сол бір сәттен үзіндіні және бұл жөнінде Ұлыбритания ішкі істер министрі Прити Пательдің айтқан пікірін ұсынғым келеді.  

Прити Патель, Ұлыбритания ішкі істер министрі:

- Меніңше, бұл өте ұят нәрсе. Қоғамдық тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруышылар, шынтуайтына келгенде, мақсаттарынан ауытқығанға ұқсайды. Бұл өте өрескел қылық. 

Ұлыбританияның бұрынғы Премьер-министрі Уинстон Черчилльдің ескерткіші де вандализмге ұшырады Белсенділер мүсінге «нәсілшіл» деп жазып тастады. Айта кетейік, Черчилль Британияның ұлттық мақтанышы, екінші Дүние жүзілік соғыс кезінде елді аман алып қалған саясаткер ретінде танымал. Бірақ оны ақ нәсілділерді басқалардан жоғары қойған қатігез мемлекет қайраткері деп айыптайтындар да бар. 

 

Наразылық акциясы Бельгия астанасы Брюссельде де өтті. Бірақ бейбіт басталған шерудің соңы мұнда да қақтығысқа ұласқан. 

Әділет сарайының алдындағы бейбіт шара кешқұрым тарқай бастағанда, кей адамдар полицейлерге тас пен шөлмек лақтырып, жаппай тәртіпсіздік басталды. Бұзақылар Ватерлоо көшесіне бет алып, жолдағы дүкендерді талқандап, полицейлердің көліктеріне тас лақтырған. Тәртіпсіздікті басу үшін сақшылар күш қолданды, 150-ге жуық адамды тұтқындады.   

Ренди Кеймбе, жергілікті тұрғын:

- Қара нәсілді адамдардың да өмірінің мәні бар. Бұл жердегі мәселе  полицияның қатыгездігінде ғана емес, қара нәсілді адамдар өзгелер кездесе бермейтін кемсітушілікке ұшырауда.  Мысалы, біз пәтерді жалға алайық десек көп қиындыққа тап боламыз. Жұмысқа орналасу кезінде де осындай мәселелер кездеседі. 

Сиднейдегі түрмелердің бірінде жазасын өтеп жатқандар да нәсілшілдікке қарсылық танытты. Төбеден түсірілген бейнежазбадан олардың сүлгімен «BLM» әріптерін жазғанын көруге болады. Бұл Black Lives Matter ұранын білдіреді. Ізінше тәртіп сақшылары жазасын өтеушілерге көз жасаурататын газ қолданып, тарқатқан. Себебі түзеу мекемесі басшылығының айтуынша, қылмыскерлер арасында төбелес шыққан.  Жанжалға есірткі себеп деген ақпарат бар. Салдарынан бір адам жарақат алып, аурухана жатқызылған. 

АҚШ-тың Сиэтл қаласында ереуіл соңы қайғылы оқиғамен аяқталды. Онда көлік тізгіндеген әлдекім біреу бір топ белсендіні қағып кетті. Онымен қоймай, көлігіне шыға сала, ереуілшілерге оқ жаудырған. Салдарынан бір адам жарақат алды. Қазір ол ауруханада. Белгілі болғаны, ол қаскүнемді тоқтатпақ болған. Ал шабуыл жасаған қаскүнем ұсталып, оны полицейлер алып кетті.

Хабар 24 телеарнасы