417,90 504.70 5.63
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өзбекстан шетелдік туристерді қашан қабылдайды?

  • 504
  • UPD: 08:41, 09.06.2020

Өзбекстан шетелдік туристерді қабылдауға қамданып жатыр.

Көрші мемлекет демалушыларды субсидиялармен қызықтырмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Атап айтқанда, жергілікті билік олардың көлік пен қонақүйге жұмсалған шығындарын өтемекші. Бүгінде бұл елдің туризм саласы пандемияның салдарынан тұралап, 400 млн доллар жоғалтқан.

Жасын Біркенов, тілші:

– Өзбекстанда наурыздың 16-ынан бастап шетелдіктер үшін шекара жабық тұр. Салдарынан 1,5 мың туроператор мен 1200-дей қонақ үй жұмысын тоқтатты. Осылайша 250 мың адам табыссыз қалған еді. Қазір жергілікті билік шығынды есептеп жатыр. Бір анығы, туристік сектор миллиондаған доллардан қағылды. Мәселен, былтыр мамыр айында көрші мемлекетке 500 мың адам саяхаттап келсе, биылғы көрсеткіш көңіл көншітпейді.

Шухрат Исакулов, туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік комитет департаментінің басшысы:

– Пандемияның салдарынан туристердің ағыны азайды. Былтыр біз 1 млрд 3 млн доллар көлемінде туристік қызметтер көрсеткен едік. Енді туристік сектор 300-400 млн доллар жоғалтады деген болжам бар.

Карантин талаптарын жеңілдеткенімен, туристік сектордың бірден ес жия қоюы екіталай. Дегенмен осы жұма кәсіпкерлер үшін берекелі апта болды. Мемлекет бұл саланы өрге сүйреуі тиіс қолдау көрсету керек деп шешті. Сөйтті де, бизнеске субсидиялар бөліп, несиелік жеңілдіктер жасап, салықтық каникулдар жариялады. Мысалы, туроператорлар мен қонақ үй иелеріне қызметкерлердің еңбекақысын төлеу үшін пайызсыз қарыз беріледі. Мұндай көмек кәсіптің басы-қасында жүргендердің еңсесін тіктеп, аяққа нық тұруға сеп болады деп сеніп отыр биліктегілер. Бір апта бұрын Өзбекстанда туристік маусым ашылғанын да тілге тиек ету керек. Әзірге ішкі туризм жанданып жатыр. Ал жергілікті тұрғындар шипажайлар мен демалыс аймақтарына баруға алақандарын ысқылап дайын отыр.

Зафар Алаяров, қала тұрғыны:

– Үш ай бойы үйде отырдық. Балаларымыз әбден зерігіп кетті. Қалыпты тіршілікті аңсап жүрміз. Көшеге шығып, саябақта қыдыруға рұқсат бергені қуантады. Ал жақында туристік маусым ашылды деп естідік. Енді отбасыммен шипажайлардың біріне баруды жоспарлап отырмыз.

Туризмнің өрлеуінің кепілі – шетелдік демалушылар. Бірақ олар үшін шекара қашан ашылатыны әзір белгісіз. Бір білетініміз, өзбектер әуелі көрші мемлекеттермен және ТМД елдерімен туристік байланысты қалпына келтірмек. Кейін шетелдік туристерді қабылдайды.

Шухрат Исакулов, туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік комитет департаментінің басшысы:

– Әлемде жұмыссыздық белең алды. Біздің елге саяхаттап келуі мүмкін туристердің табыстары азайды. Сондықтан Өзбекстанға демалушылар бұрынғыдай көптеп ағылады деп айту қиын.

Әйтсе де, өзбектер туристерді көптеп тарту үшін біраз жеңілдіктер қарастырды. Мысалы, жергілікті билік Өзбекстанға келген әрбір демалушыға 15 доллардан төлемек. Одан бөлек, мейманханаға жұмсалған шығынның 10 пайызын өтеуге дайын.

Авторлары: Ж.Біркенов және Қ.Оспан

Хабар 24 телеарнасы