426,73 523.00 5.95
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әлем бойынша бір күнде кемі 100 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырады

  • 537
  • UPD: 20:46, 09.06.2020

Коронавирус қалт еткенді кешірмейтін түрі бар. Жаһандағы эпидемиологиялық ахуал көңіл көншітпейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Күніге кемі 100 мыңнан астам адам дерт жұқтырады. Бірақ соған қарамастан, көптеген ел шектеу шараларын жеңілдетіп жатыр. Соның бірі – іргедегі Ресей. Кремль Мәскеуде өзін өзі оқшаулау тәртібін алып тастады. Бельгия да карантинді жеңілдетті. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы керісінше, сақтық шараларын күшейтуге үндеп отыр. Арна тілшісі Жұлдыз Атагельдиева тарқатып айтады.

Жұлдыз Атагельдиева, тілші:

- Әңгіменің әлқиссасын Мәскеуден бастайықшы. Мұндай өзін өзі оқшаулау тәртібі қашан енгізіліп еді?

Шаһардағы оқушаулану режимі екі жарым ай бұрын, дәлірек айтсақ, 30 наурызда енгізілген.

Мәскеуде бүгіннен бастап өзін өзі оқшаулау тәртібі алынып тасталды. Енді тұрғындарға сыртта жүру үшін сандық рұқсатнаманың қажеті жоқ. Наурыздың аяғында жабылып қалған көпшілік орындар 3 кезең бойынша ашылады. Мәселен, бүгін сән салондары, мал дәрігерлік клиникалар мен каршеринг жұмысын қайта бастады. Келесі аптада тіс емханалары, кітапхана, риэлторлық кеңселер мен таза ауада тамақтану орындары, екі аптадан кейін мейрамханалар мен дәмханалар, спорттық және балалар ойнайтын алаңдар, фитнес орталықтары мен бассейндер ашылмақ.

Сергей Собянин, Мәскеу мэрі:

Эпидемиядан шығу көрсеткіштерінің бәрі нормаларға сай келеді. Мәскеу қалыпты өмірге қайта оралуда. Барлық шектеулер осы айдың ішінде алынып тасталады. Бірақ эпидемиялогиялық қауіпсіздік пен санитарлық шаралар сақталуы тиіс. Коронавирусты жұқтыру мүмкіндігі азайды деуге болады. Десе де, қауіп әлі сейілген жоқ. Сондықтан бәрін жіті бақылап, вирустың жаңа толқынын болдырмауымыз керек.

Алайда, кейбір сарапшылар биліктің бұл шешіміне күмәнмен қарайды. Олардың ойынша босаңсуға әлі ерте. Өйткені елде соңғы тәулікте 8600-ге жуық жаңа дерек тіркелген. Әрбір бесінші науқас – Мәскеу тұрғыны. 171 адам көз жұмды. Пандемия басталғалы Мәскеудің бір өзінде ғана қайғылы оқиғалардың саны 3 мыңнан асып кетті. Сарапшылар осындай дәйек келтіреді. Алайда, шектеу шараларының жеңілдетілгеніне мәскеуліктер риза. Оқшаулану тәртібі алынған алғашқы күні-ақ жұрт жаппай далаға шығып, көшеде кісі қарасы әлдеқайда көбейген.

Блиц 1:

- Енді сыртта емін-еркін жүре аламыз. Бірақ міндетті түрде бетперде болу керек. Мен жаттығу жасауға шыққандықтан, оны тақпай кеткен едім.

Блиц 2:

- Ұзақ уақыт үйден шықпай отыру оңай емес. Буындарым сырқырап, аяғым қақсайды. Оқшауланудың алынып тасталғаны дұрыс болды.

Блиц 2:

- Мен үйде карантинде бір жарым ай жаттым. Әйтпесе, ауруханаға барудан да қалдық қой. Қазір негізі сол жаққа жол тартып барамын.

Коронавирус Бельгияға 47 миллион еуро шығын әкелді. Ел билігі карантинді бұдан әрі созудың абырой әпермесін түсініп, экономиканы қалпына келтіруге кірісті. Сөйтіп, карантинді жеңілдетудің үшінші кезеңін бастады. Корольдікте 3 айдан кейін мейрамханалар мен барлар қайта ашылды. Мұнда қазір АҚШ-тан бастау алған нәсілшілдік пен полицейлердің бассыздығына қарсы ереуілдер өтіп, соңы тәртіпсіздіктерге ұласқан.

Жұрт тақауда ғана ашылып, онсыз да шығынын жаба алмай жатқан дүкендерді қиратты. Ал, сарапшылар карантин талаптарының жеңілдеуі коронавирустың жаңа толқынын тудыра ма деп қауіптенеді. Бельгиядағы ахуал жайлы Брюссельдегі тілшіміз Жанат Эрнст баяндайды.

Жанат Эрнст, тілші:

Бельгиялықтар арасында кафе-ресторанға бару мәдениеті қалыптасқан. Карантинге дейін мұнда таңертең жұмысқа бара жатып, жолай кафеге соғып, круассан мен кофе ішіп немесе мейрамханада кешкі ас ішу қалыпты жағдай еді. Алайда, пандемия басталғалы бері бұл дәстүр тоқтаған. Коронавирус мейрамхана иелерін дағдарысқа ұшыратты. Енді тамақтану орындары қызметін қайта бастауы үшін оларға қойылатын талап мынадай: біріншіден, мекеме тек түнгі 00:00-ге дейін ғана жұмыс істей алады. Әр үстелге 4 адамнан отыруға рұқсат. Және үстелдердің арасы кемінде 1,5 метрден болуы керек. Сонымен қатар азаматтар ресторанда алдын ала тапсырыс бойынша ғана тамақтана алады. Сол үшін олар өзі жайлы деректерді көрсетулері тиіс. Яғни, бір үстел басына отыратын 4 адамның кемінде біреуі мейрамханадан қонақ болып шыққаннан кейін де байланыста болуы шарт.

Каролин Михиллс, Брюссель тұрғыны:

- Даяшыларға бетпердемен жұмыс істеу біршама қиындық тудырып отыр. Десе де, олар үшін бастысы жұмыстың қайта ашылғаны. Сондықтан біз олардың қауіпсіздігі үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысып жатырмыз.

Бұл сала дағдарыстан қашан, қалай шыға алады? Мейрамхана иелері не дейді?

Жанат Эрнст, тілші:

-Олардың айтуынша, 3 айлық карантиннен келген шығынның орнын толтыру үшін кемінде 3 жыл жұмыс істеуі керек. Осы мәселеге қатысты мейрамхана иесінің сөзін тыңдап көрсек.

Жан-Филипп Боссман, мейрамхана иесі:

- Осындай үлкен ресторанды ашып алып, әлеуетінің жартысын ғана пайдалану өте қиын. Біз тұрған Гран Пляс деп аталатын Брюссельдің орталық алаңында бұрын қонақтардың барлығы дерлік туристер болатын. Сол себепті шекаралар ашылған соң шетелден келушілер легі артады деп үміттенеміз.

Жанат Эрнст, тілші:

-Тағы бір айта кетерлігі, кафе мен барлардың ашылуын ел билігі сәл кейінге қалдыруды жоспарлап отыр. Дүйсенбіден бастап Бельгияда діни орындарға баруға рұқсат етіледі. Бірақ олар міндетті түрде сақтық шараларын сақтауы тиіс. Мендегі бар ақпар әзірге осы.

АҚШ-та коронавирустан қатты зардап шеккен штаттардың бірі – Нью-Йоркте де карантинді жеңілдетудің бірінші кезеңі басталды. Мұнда құрылыс компаниялары мен бөлшек саудамен айналысатын дүкендер қайта ашылды. Сөйтіп, 400 мыңға жуық адам жұмысқа шықты. Бірақ бұрынғысынша тұрғындар қоғамдық орында бетперде киіп, қауіпсіз қашықтықты сақтау керек. Осыған дейін жергілікті метроның жұмыс уақыты қысқарған еді. Енді ол қалыпты тәртіпте қызмет етеді.

Эндрю Куомо, Нью-Йорк штатының губернаторы:

-АҚШ бойынша коронавирусты жұқтырудың ең жоғары көрсеткіштері осы біздің штатта тіркелді. Ең көп науқас та осы бізде болды. Соған қарамастан, метро шектеулі уақыт болса да жолаушыларды тасымалдады. Бізде алғашқы деректің тіркелгеніне 100 күн өтті. Осы уақыт ішінде тұрғындар қауіпсіздік шараларын қалай сақтаса, алдағы уақытта да сол бағыттан таймау керек. Сонда бәрі дұрыс болады.

Ал, Бразилия керісінше карантинді қайта күшейтеді. Осыған дейін Рио-де-Жанейро билігі шектеу шараларын жеңілдеткен еді. Атап айтқанда, сауда орталықтары ашылған. Мейрамханалар мен барлардың біразы жұмысын қайта бастаған болатын. Тұрғындарға таза ауада спортпен шұғылдануға рұқсат берілген. Алайда, енді мұның бәрін уақытша тоқтатуға тура келеді. Жалпы осы Бразилия коронавирусты жұқтырғандар саны бойынша әлемде екінші орында тұр. Мұнда расталған деректер саны 710 мыңнан асады. Елде індеттен Сан-Паулудан кейін ең қатты зардап шеккен шттардың бірі – осы Рио-де-Жанейро.

Хабар 24 телеарнасы