425,99 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қырғыз мигранттары жаппай еліне орала бастады

  • 342
  • UPD: 20:56, 09.06.2020

Нәпақа іздеп, шетел асқан қырғыз мигранттары жаппай еліне орала бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көпшілігі коронавирустың салдарынан барған жерінде жұмыс таппай, сандалып қалған. Бірақ «Өз елім – өлең төсегім» деп келген ағайынның мұнда да жұмыс табуы мұң болып тұр.

Ресейден кезекті әуе рейсі ұшып келді. Новосибирск қаласынан келген ұшақпен Қырғызстанның 204 азаматы еліне жетті. Арасында балалар да бар. Жұмыссыз қалған мигранттар Ресейден Отанына жаппай оралып жатыр. Өйткені елдегі эпидемиологиялық жағдай едәуір тәуір.

Нуркамил Маматалиев, еңбек мигранты:

- Үйімізге оралуға көмек бергені үшін Үкіметке, ел президентіне көп рахмет. Құдайға шүкір елімізге аман жеттік.

Оралуына көмектескенмен, Қырғызстан үкіметі оларды жұмыспен қамти алмайды. Осылайша елде екі қолына бір күрек таба алмай жүргендердің саны өсіп келеді. Әлі де Ресейден Қырғызстанға екі жүз мыңдай адам қайтып келеді деген болжам бар.

Нурбубу Керимова, Мемлекеттік миграция қызметі қоғамдық кеңес төрағасы:

- Мигранттарды әуежайда қарсы алғанда олармен және туыстарымен әңгімелестік. Көбісі бірнеше айдан кейін пандемия басылғанда Ресейге қайта баруды жоспарлап отыр.

Үкімет еңбек мигранттарын қолдауға 50 миллион сом, яғни 675 мың доллар бөлді. Ал Ресейде жұмыс істеп жүргенде олардың әрқайсысы туыстарына орта шамамен жылына 3 мың доллардай қаражат аударатын. Былтыр осындай аударымдардың жалпы сомасы 2 миллиард 200 миллион долларға жеткен. Бұл – Қырғызстанның жалпы ішкі өнімінің үштен бір бөлігі. Ал, биыл ел экономикасына бұл қаражат түспейтіні анық.

Авторы: Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы