427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қытай COVID-19 белгілері білінбейтін науқастарды қалай емдеп жатыр

  • 325
  • UPD: 12:08, 11.06.2020

Соңғы бір тәулікте Қытайда коронавирус ауруының белгілері білінбейтін 5 науқас анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәрігерлер ағзасында вирус бар тағы 155 адамды бақылап жатыр.

Таяуда коронавирустың басты ошағы болған Ухань қаласының тұрғындары жаппай тест тапсырды. Осылайша билік ауру белгілері білінбейтін науқастарды анықтауға күш салып отыр. Сөйтіп бұл тексеріс кезінде 10 миллион адамның арасынан не бары 300 сырқат табылды. Бірақ олардың тіс щеткалары, бетперделері мен орамалдарынан вирустың ізі білінбеген.

Фэн Цзицзянь, ҚХР ауруларды бақылау және алдын алу орталығы директорының орынбасары:

– Деректеріміз Уханьда қазір қауіпсіз екенін көрсетіп отыр. Ауру белгілері білінбейтін осы науқастардың өзге жұртқа дерт жұқтырды дейтіндей жағдай байқалмады. Дегенмен бұрынғыдай қатаң шаралар қабылдап жатырмыз. Мемлекеттік хаттамаға сәйкес осындай адамдарды оқшаулап, олармен жақын араласқан тұлғаларды тексердік.

Қытайда ауру белгілері білінбейтін науқастарды екі санатқа бөледі. Біріншісіне, инкубациялық кезеңі аяқталмағандықтан, дерті байқалмайтын науқастарды жатқызады. Әдетте оларды сырқаты біліне бастағанда ауруы расталғандар санатына ауыстырып, емдеуге кіріседі. Ал екіншісі, инкубациялық кезеңі аяқталса да, ауру белгілері байқалмайтын адамдар. Қазір Қытайда бұл жағдайда қалай қимылдаудың нақты жолдары белгіленген. Біріншіден, екі сағат ішінде дереу тиісті орындарға хабарлауы тиіс. Осыдан кейін бір тәулік ішінде зерттеулер өткізіп, арнайы тіркеу жүйесіне есеп береді. Ағзасында вирус анықталған адамдарды 14 күнге оқшаулап, медициналық бақылауға алады. Егер осы мерзімде сырқаты білінсе, ауруханаға ауыстырады. Ал ауру белгілері байқалмағандарды екі рет тесттен өткізіп, вирус жоқ болса үйіне жібереді. Бұл адамдармен жақын араласқандар да 14 күнге оқшауланады.

Цзэн Исинь, ҚХР денсаулық сақтау істері жөнінде мемлекеттік комитет жетекшісінің орынбасары:

– Ауру белгілері байқалмайтын адамдар мен өзге науқастарға бірдей қараймыз. Карантинге алып, мұқият бақылаймыз. Кейбіреуінде кейін ауру белгілері біліне бастайды, өз бетінше жазылып шығатындар да бар.

Симптомсыз науқастар дерт жұқтырмайды деген пікір де бар. Алайда мамандар бұған әзірге дәлел жоқ дейді. Сондықтан Қытай билігі елдің солтүстік-шығысында халықты жаппай тестіден өткізуге кіріскен.

Авторлары: Ботагөз Сырғабаева, Айгерім Сүлейменова

Хабар 24 телеарнасы