418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ЭЫДҰ әлем экономикасының қазіргі ахуалы жайында болжам жасады

  • 212
  • UPD: 14:36, 11.06.2020

Биыл әлем экономикасы коронавирус кесірінен 7,6 процентке құлдырауы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы осындай болжам жасап отыр. Мамандардың пікірінше, жалпы індеттен Еуроаймақ елдерінің экономикасы ең қатты зардап шеккен. Осы ретте сарапшыларды Испания, Италия мен Франциядағы ахуал алаңдатып отыр.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының өкілдері қазіргі жағдайды «Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі денсаулық сақтау және экономика саласындағы ең күрделі дағдарыс кезеңі» деп отыр. Коронавирустың жаңа түрі аз зерттелгендіктен, алдағы уақытта не боларын дөп басып айту мүмкін емес. Мамандар вирустың екінші толқыны болуы әбден мүмкін дейді. Сондықтан экономистер денсаулық сақтау саласымен қатар, қаржы секторына да ерекше көңіл бөлу керектігін айтады.

Лоранс Бун, экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бас экономисі:

– Жасалатын тестер санын көбейту керек. Қорғаныс құралдарының қорын арттыру қажет. Олардың сатылымына тосқауыл қоймағанымыз дұрыс. Кестеден көрініп тұрғандай, медициналық тауарлардың өндірісі тек санаулы елдерде ғана жолға қойылған. Ал өзге мемлекеттер өз бұйымдарын шығарамыз деп уақыт жоғалтуы мүмкін. Оның үстіне бағаның да шарықтап кетері сөзсіз.

Коронавирус кесірінен көп елді жұмыссыздық жайлады. Сөйтіп одан ең алдымен біліктілігі төмен азаматтар мен жастар жапа шегіп отыр. Бұл ретте мамандар білім беру жағына көп көңіл бөлу керектігін айтады. Сондай-ақ экономиканы цифрландыру мен қашықтан қызмет көрсетуге қайта бағдарлаған жөн дейді.

Анхель Гурриа, экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бас хатшысы:

– Цифрландыру жүйесі дұрыс дамымаған елдер осы бағыттағы жұмыстарын күшейту керек. Әсіресе, педагогтарды оқыту жағына көп көңіл бөлген дұрыс. Көріп отырғанымыздай, әлем бойынша бір миллиардан аса бала мектепке бара алмай қалды. Біразы ғаламторға қосылу жағынан қиналды. Оның үстіне қашықтан сабақ бере алатын ұстаздар да жетіспегенін байқадық.

Мамандар барлық елдің сыртқы қарызы артуы мүмкін дейді. Сондықтан бюджетті ақылмен жұмсау керек. Мамандардың айтуынша, инвестицияны тұрақты дамуға бағытталған өндіріске бөлу керек.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан

Хабар 24 телеарнасы