426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Коронавирустан көз жұмғандар жағынан алға шыққан Бразилия карантинсіз отыр

  • 331
  • UPD: 22:32, 11.06.2020

Ковид-19-дан көз жұмғандар тізімінде АҚШ пен Ұлыбританиядан кейін үшінші орында тұрған Бразилияда антирекорд. Мұнда вирустан ажал құшқандар саны 40 мыңға жуықтады. Кеше Бразилия мыңнан аса науқас көз жұмған әлемдегі жалғыз ел атанды. Нақтырақ, Бразилияда 1300, АҚШ-та 982, Үндістанда 596 адам коронавирустың құрбанына айналды. Соңғы тәулікте індет жұқтырғандар саны бойынша да Латын Америкасында осы ел алда тұр. Мұнда тағы 33100 адамнан Ковид-19 анықталды. Ел президенті Жайр Балсонару бұған қарамастан ел экономикасын қайта қалыпқа келтіруді тапсырды. Алғашқылардың бірі болып, Сан-Паулу қаласында дүкен сөрелері ашылды. Бірақ бұған халық риза емес.

БЛИЦ:

- Шынында өте қорқып тұрмын. Себебі коронавирус жұқтырушылар саны азаймай тұр. Десе де, жұмысқа шығып, ары қарай өмір сүруіміз керек. Бірақ денсаулығың үшін алаңдайсың.

- Елдегі жағдай өте алаңдатады. Десе де, нәпақамызды табуымыз керек. Барлық қауіпсіздік шараларын сақтап, дүкенді аштық. Бірақ сатып алушыларда қорқыныш бар әлі.

Біз үйде бұдан артық отыра алмаймыз! Бұл Мексика Президенті Андрес Мануэль Лопес Обрадордың сөзі. Елде коронавирустың өршіп тұрғанына қарамастан, мемлекет басшысы кәсіпкерлерді қайта жұмысқа оралуға шақырды. Десе де, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ресми өкілі Мексика әлі індеттің шарықтау шегіне жетпегенін айтады. Сондықтан, шенеуніктер жаппай тестілеу өткізіп, арақашықтық мәселесін қолға алу керек дейді. Айта кетейік, Мексикада соңғы тәулікте 708 науқас вирустан көз жұмып, олардың жалпы саны 15357-ге жетті. 

Андрес Мануэль Лопес Обрадор, Мексика президенті:

- Денсаулық сақтау саласы мамандарының ұсынысымен біртіндеп қалыпты тіршілікке ораламыз. Экономиканың түрлі саласы, туризм, мейрамханалар, сауда орталықтары қайта жұмысын бастайды. Біз бұдан артық үйде отыра алмаймыз.  

Ал Чили астанасы Сантьяго көшелерінде тәртіп сақшылары қаптады. Өйткені елде коронавирус дендеп, билік карантин мерзімін ұзартты. Өзге мемлекеттер шектеу шараларын жеңілдетіп жатқанда, Чили құдды індеттің жаңа ошағына айналғандай. Сәрсенбі күні мұнда 192 науқас көз жұмған, ажал құшқандардың жалпы саны 2475-ке жетті. Соңғы аптада сараптама орталықтары мен БАҚ өкілдері үкімет Ковид-19-дан көз жұмғандар санын дұрыс есептемей отырғанын айтып, дабыл қағуда. Шынтуайтында құрбандар саны статистикада көрсетілген есептен көп болуы мүмкін. 

Хуан Карлос, дәрігер:

- Науқасқа диагноз қойғанда Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы айтқандай мұқият зерттеу жүргізілуі керек. Бір ғана вирусқа оң нәтиже берген тестілеуден өткізу аз. Егер мұндай нұсқамен ажал құшқандар санын есептейтін болсақ, өлім саны бүгінгі көрсеткіштен асып жығылатыны сөзсіз. 

Әлемді әбігерге салған коронавиурс Аргентинада да бәсеңсімей тұр. Сейсенбі күні мұнда алғаш рет бірден мың науқастан қауіпті кесел анықталды.  Билік өкілдері бұған дейін ел астанасы Буэнос-Айресте карантин мерзімін ұзартқан еді. Соңғы тәулікте денсаулық сақтау министрлігі тағы 1141 адамнан коронавирус тауыпты. Тағы 24 науқас індеттен көз жұмған. Жалпы наурыз айынан бері Аргентинада Ковид-19-ды 24 761 адам жұқтырған. 717 науқас көз жұмды.

Николас Ломбардо, Буэнос-айрес қаласының тұрғыны:

- Карантин шаралары орындалмай жатыр. Адамдар жұмысқа бару үшін көшеге шығуға мәжбүр. Демек, сыртта халық қаптаса, вирусты жұқтырғандар саны да артады деген сөз.

Ванеса Саведра, Буэнос-Айрес қаласының тұрғыны:

- Бастысы, қауіпсіздік шараларын сақтау. Санитарлық нормаларды орындау. Бетперде киіп, әлеуметтік қашықтықты сақтау. Өзім үш баламмен үш ай үйде отырдым. Оларды асырау күннен күнге қиындап барады. 

Осылайша әлемнің кей елдері шекараларын ашып, халықаралық рейстерін жандандырып жатқанымен іште қауіпті кеселмен күресіп әлек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да Ковид-19-дың қаупі әлі басылмағанын айтып, әлем елдерін шектеу шараларын жеңілдетуге асықпауға шақырып отыр.

Хабар 24 телеарнасы