429,37 504,00 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


COVID-19: әлемде қазір ахуал қалай

  • 337
  • UPD: 22:55, 12.06.2020

Үндістанда коронавирусты жұқтырғандардың тәуліктік көрсеткіші 10 мыңнан асып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – пандемия басталғалы алғаш рет тіркеліп отырған жағдай. Көрші Ресейде бұл көрсеткіш 10 мыңнан асқан жоқ. Дегенмен жаңа науқастардың саны аз емес. Соңғы тәулікте Ресейде 9 мыңға тарта дерек тіркелді. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Африкадағы жағдайға алаңдаулы. Өйткені құрлықта індет өршіп барады.

Үндістанда кеше 24 сағат ішінде 9996 адам коронавирус жұқтырып, тәуліктік рекорд орнатылған еді. Алайда жағдай күн санап ушығып барады. Оны бүгінгі мәліметтер айғақтап отыр. Елде коронавирусты тағы 10956 адам жұқтырды. Елде алғаш рет тәуліктік көрсеткіш 10 мыңдық межеден асып кетті. Қазір расталған деректер саны 298 мыңға жуықтайды. Сөйтіп, Үндістан науқастар саны бойынша Ұлыбританиядан басып озып, әлемдік «антирейтингте» төртінші орынға шықты. 298 мың адамның шамамен жартысы айығып шыққанын айта кетейік. Ел астанасы Нью-Дели індеттен қатты зардап шеккен өңірлердің бірі саналады. Мұнда вирусты жұқтырғандар саны 35 мыңға жуықтайды. Алайда сарапшылар «бұл тек бастамасы ғана, сұмдықтың бәрі әлі алда» дейді.

Арвинд Кеджривал, Делидің бас министрі:

– Болжам мынадай: 15 шілдеге таман бір ғана Дели астаналық аймағының өзінде вирусты жұқтырғандар саны 225 мыңға дейін жетуі мүмкін. Ал шілденің аяғында бұл санның жарты миллионнан асып кететін түрі бар. Қазірдің өзінде ауруханаларда орын тапшы. Ал шілденің аяғында ол мәселе тек өрши түсуі мүмкін.

Науқастардың көптігінен тұрғындар дәрігерлерлердің жұмысына шағымданып жатыр.

Нитиш Бхардвадж, жергілікті тұрғын:

– Менің әкем коронавирус жұқтырды деген күдікпен кеше ауруханаға түсті. Сол кезде дәрігер бір келіп кеткен екен. Алайда кешеден бері ол кісіні бір де бір медициналық қызметкерлер тексермепті. Әкемнің жасы 60-та. Жүрегі ауырады. Қазір дене қызуы көтеріліп, жөтелі басылмай тұр. Мен ол кісіге парацетамол, термометр мен тамақ беріп жібердім.

Вирусты жұқтырғандардың саны жарты миллионнан асты  

Ал көрші ел Ресейде коронавирусты жұқтырғандардың саны жарты миллионнан асып кетті. Мұнда осы аптада өзін-өзі оқшаулау тәртібі алынып тасталған еді. Сөйтіп, көшеде жүрген халық қарасы көбейіп, кептеліс пайда болған.

Салдарынан бүгін де, кеше де тәуліктік өсімнің артуы байқалады. Көрші  ахуал жайлы бізбен тікелей эфирге шығып отырған Мәскеудегі тілшіміз Дана Нұржан баяндайды.  

Дана Нұржан, тілші:

– Кеш жарық, Жұлдыз! Біз қазір Мәскеудің орталығында, Манеж алаңында тұрмыз. Мұнда мерекелік концертке дайындық жүріп жатыр. Жан-жақтың бәрін күштік құрылым өкілдері қоршауға алған. Сондықтан мұнда санаулы адамдар ғана өте алады. Концертке қатысатын әртістер де, волонтерлер де коронавирусқа тест тапсырған. Ұйымдастырушылар бір жарым метрлік арақашықтық сақталады деп сендіріп отыр. Ал Мәскеу мэрі тұрғындарға бүгін сыртқа шықпауға кеңес берді. Өйткені вирусты жұқтыру қаупі әлі жоғары. Сондай-ақ қала басшысы өзге өңір халқын мүмкіндігінше Мәскеуге келмей тұруға шақырды. Алайда бұған біреу құлақ асса, енді біреулер елемей жатқан көрінеді.

Биыл мамырда Мәскеуде көз жұмғандар саны былтырмен салыстырғанда 30 процентке жоғары болып шықты. Қайғылы оқиғалардың 92 проценті коронавирусқа байланысты. Осы ретте дәрігерлер індетті жұқтыру қаупі әлі жоғары екенін ескертеді. Соған қарамастан мұнда 24 маусымда Жеңіс күніне арналған парад, 1 шілдеде референдум өтеді. Ал бұл шараларға адам көп жиылатыны айтпаса да түсінікті.

Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Африкадағы ахуалға алаңдаулы. Бұл құрлық осы күнге дейін коронавирустан ең аз зардап шеккен өңірлердің бірі саналып келді. Алайда соңғы уақытта жағдай күрт өзгеріп барады. Мұнда вирус тез тарап жатыр.

Матшидисо Моэти, ДДСҰ Африкадағы аймақтық бюросының директоры:

– Африкада қазір коронавирусты жұқтырғандардың саны 200 мыңнан асады. 5 мың адам көз жұмған. Құрлықтарғы деректер саны 100 мыңға жету үшін 98 күн кеткен еді. Ал соңғы деректер, яғни тағы 100 мыңы небәрі 19 күн ішінде тіркелді. Бұл вирустың тез таралып жатқанын көрсетеді.

Африкада эбола безгегі қайтадан өршуі мүмкін

Қазір осы Африкада медициналық құралдар жетіспей жатыр. Тесттер де тапшы. Сол себепті вирусты жұқтырғандардың саны әлдеқайда көп болуы мүмкін деген болжамды жоққа шығаруға болмайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын алаңдатып отырған тағы бір мәселе бар. Бұл – эбола безгегі. Былтыр Конго Демократиялық Республикасында осы індетке байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы төтенше жағдай жариялауға мәжүр болған. Ал тақауда елде жаңа оқиғалар тіркелген. Сондықтан мамандар эбола безгегі қайтадан өршіп кете ме деп алаңдап отыр. Сарапшылардың күдігі расталса, Африкадағы ахуалдың қатты өршіп кететін түрі бар.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева

Хабар 24 телеарнасы