420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Арменияда төтенше жағдай мерзімі ұзартылды

  • 259
  • UPD: 23:33, 12.06.2020

Арменияда төтенше жағдай мерзімі 13 шілдеге дейін созылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елде коронавирусты жұқтыру көбейіп келеді. 15 мың 281 науқас анықталып, 258 адам бұл індеттен көз жұмған. Тек соңғы тәулікте ауруды жұқтырудың 612 жағдайы тіркелді. Жуырда денсаулық сақтау министрі Арсен Торосян осыншама көп науқасты емдеуге жүйенің мұршасы жетпейтінін мәлімдеп, індетпен күреске әлі тартылмаған емханалардың дәрігерлерінен көмек сұраған. Литва және Грузия үкіметтері Арменияға медиктерін жіберуге ниетті. Ал ертең Франциядан арнайы рейспен 10 дәрігер ұшып келеді. Осыған дейін бұл елге Қытай және Ресей дәрі-дәрмек пен өкпені жасанды желдету аппараттарын жіберген еді.

Рустам Бадасян, Арменияның әділет министрі:

– Төтенше жағдай мерзімі үшінші рет ұзартылып отыр, алайда бұл қажетті шара. Бүкіл ел аумағында бұқаралық шаралар өткізуге тыйым салынған. Экономика саласына келетін болсақ, егер қызметкерлерінде ауру анықталса, кейбір нысан жабылуы мүмкін.

Хабар 24 телеарнасы