432,62 508,50 5.48
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украина халықаралық әуе байланысын жандандырды

  • 303
  • UPD: 10:47, 15.06.2020

Украина билігі бүгін 15 маусымнан бастап халықаралық әуе рейстерін қайтадан жандандырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шетел азаматтары үшін мемлекет бақылау ережелерін жеңілдетті, дегенмен екі апталық карантин және обсервация мәселесі Үкімет үйінде қызу талқыға түскен.

Украинаның кабинет министрлігі коронавируспен күресті күшейту мақсатында наурыз айынан бері халықаралық жолаушылар тасымалына қатаң тиым салған еді. Жаз басталғалы елде карантиннен шығудың төртінші кезеңі іске аса бастаған. Бүгіннен бастап, шет ел азаматтарының Украинаға кіруіне рұқсат берілді, әуе байланысы реттелуде. Алайда шетелдіктер сақтандыру полисін көрсетуі тиіс және ең қолайсыз жағдай – олар 14 күндік оқшаулаудан өтуі қажет. Обсервация мәселесі соңғы кезде қоғам және Үкімет Үйінде қызу талқыға түскен.

Александр Кава, жол-көлік саласының сарапшысы:

– Украинаға саяхаттап келуші шетелдіктерге қатысты талаптар әрі де талқыланып жатыр. Міндетті карантин мәселесі пысықталуда. Билік оқшаулау талабын алып тастайды деп ойлаймын, өйткені мұндай талап ыңғайсыз және туристік салаға айтарлықтай салмақ салады.

Украинаның инфрақұрылым министрлігі мәлімдегендей, ел азаматтары 15 маусымнан бастап Еуропаның бірқатар елі, және АҚШ, Түрік әрі Албания елдеріне де еркін саяхаттай алады. Сондай-ақ бүгіннен бастап, Ұлыбритания да украиналықтарды қабылдауға әзір, алайда жолаушылар мұнда да екі апталық оқшаулаудан өтуі тиіс.

Александр Кава, жол-көлік саласының сарапшысы:

– Мемлекеттер тізімі күн санап өзгеруде. Украина азаматтары Түркияға, Египетке еркін саяхаттай алатыны белгілі болды. Әзербайжан, Грекия, Польша және Словакия елдері шекарасын ашты. Көрші мемлекетке көлікпен саяхаттауға болады, кеден жұмысы реттелуде. Алайда баратын елдің туристерге қояр талабын алдын ала біліп алған жөн.

Бірінші шілдеден бастап Украинада әуе байланысы толығымен қалпына келеді деп болжайды мамандар. Украиналықтар үшін ең алдымен Еуропа еліне жол ашылғаны маңызды. Еуроодақ елдері де шекарасын 1 шілдеден бастап толығымен жандандыруды жоспарлайды. Алайда Еуропаның саяхаттаушыларға қояр өз талабы бар: басты критерий – мемлекеттің эпидемиологиялық жағдайы жақсы болуы тиіс.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петр Борейко

Хабар 24 телеарнасы