418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бүгін Еуропа елдерінің шекарасы ресми түрде ашылды

  • 240
  • UPD: 22:39, 15.06.2020

Алайда бірқатар мемлекет әлі де шектеулерін алған жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Испания. Бұл – бүкіл әлем туристері көз тігетін мемлекеттердің бірі. Шамамен бір аптадан кейін оның шекаралары одақтас елдер үшін ашылады. Ал кейін басқа мемлекет азаматтары да осында ұшып келе алады.  Премьер-министр Педро Санчестің мәлімдемесіне сәйкес, енді шетелдіктерді карантинге жабудың қажеті жоқ. Айта кетейік, Испания – коронавирустан ең көп зардап шеккен елдерің бірі. Індет тарай бастағаннан бері Пиреней түбегінде шамамен 244 мың адам ауырып, 27 мыңы көз жұмды.

Грекиядағы көрсеткіштер мұндай қорқынышты емес. 3 мыңнан астам адам ауырса, бақилық болғандар саны –183. Жақында мұнда туристік маусым ашық деп жарияланды. Барлық қауіпсіздік шарасы қолға алынды. Қазір мемлекет шекарасы арқылы өту тек 29 елдің азаматына ғана рұқсат. Соның өзінде олар ең алдымен коронавирусқа тест тапсыруы тиіс. Нәтижесі теріс болған жағдайда саяхатты жалғастыруға болады. Жергілікті тұрғындар мұндай шешімнің дұрыс екендігіне күмәнданып отыр.

Дионисис, мұғалім:

– Мен шекараның ашылуына қарсымын. Өйткені соңғы бірнеше күнде 97 адамнан коронавирус анықталғаны хабарланды. Олардың 60-ы шетелден келгендер. Бұл өте алаңдатарлық жайт.

Ал италиялық Венеция туристерді қабылдауға кірісіп те кетті. Аймақта шектеу шаралары жеңілдетілгеннен кейін өңірге біртіндеп шет ел азаматтары ағыла бастады. Қазір шіркеу мен мұражайлардың алдында ұзын-сонар кезекті байқауға болады. Арнайы мамандар келген қонақтардың дене қызуын тексеріп отырады. Қоғамдық тамақтану орындарында да адамдардың қарасы қалың. Жақында 300 жыл тарихы бар әйгілі «Флориан» кафесі де ашылмақ. Айта кетейік, Италияда кейінгі тәулікте коронавирустан 78 адам көз жұмды. 346 адам науқастардың тізіміне қосылды. Ал маусымның 16-нан бастап Германия да Шенген аймағы үшін шекарасын біртіндеп ашады. Еуроодақ елдерінің ішінде тек Швеция ғана әлі қара тізімде қалмақ.

Авторлары: Дариға Ташенова, Саид Исмаилов

Хабар 24 телеарнасы