429,37 504,00 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Коронавирус Қытайға қайта оралды

  • 476
  • UPD: 21:09, 16.06.2020

Қазір коронавирус жұқтырғандардың саны бойынша АҚШ көш басында тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір бұл мемлекет коронавирустың екінші толқынына дайындалып жатыр. Ал жалпы әлем бойынша науқастары саны 8 миллионнан асты. 450 мыңға жуық адам көз жұмды. Бұл Джонс Хопкинс университеті келтірген деректер. Қауіпті дерттің алдында Бразилия мен Ресей де дәрменсіз.

Әлемдік баспасөз беттерінде осы коронавирусқа қарсы вакцина дайын болып қалды деген ақпараттар тарағанмен, нәтиже жоқ. Оксфорд университетінің ғалымдары жылдың аяғына дейін вакцина дайын болады деп мәлімдеді.

АҚШ-та дерт жұқтырғандар саны артып барады. Бір ғана Техас штатында соңғы екі аптада ауруға шалдықққандар саны 70 асты. Алабама, Оклахома, Флодира және Оңтүстік Каролина штаттарында да жағдай қиындап барады. Мамандар індеттің өршуін шектеу шараларының бәсеңдеуімен байланыстырады. Бұдан бөлек, елде полицияның озбыры мен нәсілшілдікке қарсы шерулер жалғасып жатыр. Бұл вирустың одан әрі өрши түсуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан жасанды тыныс алу аппаратын құрастыратындар қауіпті кеселдің екінші толқынына дайындала бастады. Сөйтіп құрылғыларды көптеп шығаруға кірісті. Айта кетейік, коронавируспен күресте бұл ең қажетті аппарат.

Марио Молина, медициналық жабдықтар шығаратын компанияның маманы:

– Аппараттың негізгі міндеті – өкпенің бір міндетін атқарады. Тыныс алған кезде кеуде қуысы кеңейіп, өкпе ауамен толады. Ауырған адам демала алмайтындықтан, жасанды тыныс алу аппараттары ауаны тікелей өкпеге бағыттайды. Мұнда ауаның көлемі мен қысымы өте маңызды. Оларды үнемі бақылау керек. Себебі құрылғының өлшемі тым үлкен және қысым жоғары болса, өкпеге зақым келуі мүмкін.

Бразилиядағы эпидемиологиялық жағдай мәз емес. Пандемия басталғалы мұнда 40 мыңнан астам адам коронавирустан көз жұмды. Қазір бұл ел инфекциядан болған өлім-жітім бойынша әлемде екінші орында тұр. Вирус жұқтырғандар 900 мыңға жуықтады. Алайда ауырғандар саны бұдан да көп болуы мүмкін. Өйткені Бразилия үкіметі ел арасында жаппай тестілеу жүргізбеген. Ресейде де коронавирус жұқтырғандар көбейіп барады. Онда бір тәулікте 8 мыңнан астам жаңа дерек тіркелді. Жалпы пандемия басталғалы көрші елде 550 мыңға жуық адам инфекция жұқтырған. Дегенмен мұнда карантиндік шаралар жеңілдетіле бастады. Бүгіннен бастап Мәскеуде дәмхана, мұражайлар, көрме орталықтары мен кітапханалар ашылды.

Қытай астанасы Бейжіңде де COVID-19 шалдыққандардың саны артып барады. Өткен тәулікте 27 адам індет жұқтырған. Қалада 106 науқас ем қабылдап жатыр. Вирустың жаңа ошағы – «Синьфади» ауылшаруашылық базары. Сауда орны ел астанасы тұрғындарының 70% азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Мамандар вирус ет пен теңіз өнімдерінде ұзақ сақталған болуы мүмкін деп отыр. Соңғы зерттеулерге сәйкес инфекция сырттан келген. Мысалы, COVID-19 импортталған ақсерке балығы өңделген тақтайшадан табылған. Сондықтан ауру балықпен бірге келуі мүмкін. Қазір бұл балық түрі уақытша сатылмайтын болды. «Синьфади» базары да жабық. Жақын маңда орналасқан тағы 11 аудан да оқшауланды. Барлық қызметкер мен тұрғындар COVID-19 анықтайтын тест тапсырып жатыр.

У Цзунью, эпидемиолог:

– Вирус импортталған теңіз өнімдерімен келуі әбден мүмкін. Алайда бұл нақты шешім емес. Дерт адамнан да тарауы мүмкін. Індет жұқтырған науқас сауда орнына барып сатушыларға вирус жұқтырды деген болжам да бар. Бұл мәселе әлі де зерттеліп жатыр. Қазір мамандар әр жерден вирус штамын іздеп, ақпарат жинастыруда.

Таралу ошағы болған Қытай бұған дейін вирусты тоқтаттық деп бөркін аспанға атқанын білеміз. Коронавирус осы елде пайда болғанмен, мұндағы алдын алу шаралары оның жаппай таралуына мүмкіндік бермей, тежей алған еді. Сөйтіп коронавирус Қытайға қайта оралды. Індет Еуропа елдерін де күйретіп барады.  

Ал Британия коронавирусқа қарсы вакцинаны сынау үшін 56 миллион доллардан астам қаржы бөлді. Лондонның Империялық колледжінің ғалымдары осы аптада COVID-19 қарсы вакцинаны алғаш рет клиникалық тексеруден өткізеді. Бұл жаңа технологияның алғашқы сынағы болмақ. Зерттеушілердің пікірінше, бұл болашақта вакциналарды дайындау жолдарын өзгертуі мүмкін. Бұдан бөлек, Британия мен Швецияның бірлескен фармацевтикалық компаниясы жыл соңына дейін COVID-19 ауруына қарсы вакцинаның 400 млн дозасын шығармақ. Препаратты дайындауға Оксфорд университетінің ғалымдары атсалысуда. Қазірдің өзінде компания АҚШ, Франция, Германия мен жаһанның өзге елдерінен тапсырыс қабылдай бастаған.

Хабар 24 телеарнасы