422.87 509.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақтарға ежелгі бақсылық және тәңіршілдігіміз ұқсайды – Нью-Йорк тұрғыны

  • 623
  • UPD: 21:54, 17.06.2020

Нью-Йорк тұрғыны қазақтың салт-дәстүріне тәнті. Өзі американдық. Рахсаан Уолф мақал-мәтелдерімізден бастап шежіреге дейін зерттеп жүр.

Ұлы Дала елінің бай мәдениеті туралы білген үстіне біле түссем дейтін азамат тіпті есімін де қазақшалап алған. Сөйтіп мұхиттың арғы жағанда жүрген тілекшіміз өзін Рахсаан Қасқыр деп атайды. 

Қазақстанға қызығушылығын Рахсаан былай түсіндіріп отыр. Ол ежелде біздің аумағымыздан Америкаға қоныс аударған халықтардың өкілі. Сол себептен көшенділер мәдениеті мен дәстүрі жанына жақын. 

Рахсаан Уолф, Нью-Йорк тұрғыны:

- Мысалы, күміс өңдеу әдістеріміз және бақсылық пен тәңіршілік дәстүрлеріміз ұқсас. Бұл бізді рухани тұрғыда біріктіреді. Нью-Мексико штатында күміс бұйымдарымен танымал үндістердің навахо халқында дүниеге келгенмін. Қазақтың дәстүрлі әшекейлері навахо бұйымдарына өте ұқсас. Сондай-ақ, сіздердің аумақтарыңызда бүркіттер мен дауылпаздарды қолданған бақсылар болған. Жалпы бақсылық пен тәңіршілік көшпелі өмір салтын ұстанған Американың байырғы халықтарымен байланысты.

Рахсаан үнемі қазақ рәміздері бар киім киіп жүреді. Осымен Нью-Йорк тұрғындарынан ерекшеленіп, бірден көзге түседі.

 

Рахсаан Уолф, Нью-Йорк тұрғыны:

- Қалада көргендердің барлығы мен таққан қазақ белгілерге бірден назар аударып, таңқалады. Тіпті қазақстандықтар да неліктен еліміз бен халқымызға осыншама құмарсың деп сұрақ қояды. Мұның бәрі бізді жақындастырып, көбі менімен араласып кетеді, Қазақстан туралы білімімді кеңейтеді. Мысалы, Шымкентті Техас деп атайтынын білдім. Осылай елдеріңізді көбірек тани бастадым.

Рахсаан қазақ тілін әліппеден бастап үйренген. Қазір жеке кітапханасы жаңа басылымдармен толықты. Індетке дейін Нью-Йорк университетінде «Номад» клубы ұйымдастырған қазақ тілі курстарына баратын. Енді онлайн түрде сабақ алып жүр.

Рахсаан Уолф, Нью-Йорк тұрғыны:

- Байырғы халықтарымыздың қолжазбаларында сіздердің жеті ата деген ұғым туралы жазылған. Қазақстанға барып ағылшын тілі немесе компьютер сабақтарын бергім келеді. Бұл еліңізді жақсырақ тануға мүмкіндік береді.

Рахсаан Уолф Қазақстанда болмаса да еліміз туралы жақсы біледі. АҚШ-та спортшыларымыз және өнерпаздарымыз қатысатын бүкіл шараға баруға тырысады.

Рахсаан Уолф, Нью-Йорк тұрғыны:

- Қазақстан бейбіт ел, отбасы құндылықтарын жоғары бағалайды, бар мейрамды бірге тойлайды. Қиын кезде де бір-біріне көмек береді. Геннадий Головкин секілді атақты жерлесіне Мэдисон Сквер-гарденде қолдау көрсетеді. Елдеріңізді, тарихыңыз бен мәдениетіңізді зерттеуді жалғастырамын. Дәстүр-салттарыңызды жақсы біліп, қазақ тілін жақсырақ меңгеру үшін Қазақстанға барғым келеді. Ұлттық аспаптарыңыз бен музыкаларыңыз туралы жазғым келеді. Бұл өзім таңдаған жол, бұл үшін мақтау күтпеймін. Бірақ қазақстандықтардың мені қолдайтынына сенімдімін.

Авторлары: Майра Абдрахманова, Ренат Садыров

Хабар 24 телеарнасы