429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бейжіңде коронавирус індеті қайта өршіді

  • 470
  • UPD: 09:22, 18.06.2020
Бейжіңде коронавирус індеті қайта өршіді

11 маусымнан бері қалада 137 науқас анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың он екісінде ауру белгілері білінген жоқ. Соңғы бір тәулікте ауруды жұқтырудың 31 жағдайы тіркелді. Осыған байланысты мектептер онлайн режимге ауысып, балбақшалар жабылды. Сенбіден бері 350 мыңнан аса адам тесттен өтті.

Осыдан екі апта бұрын қалада эпидемиологиялық ахуал түзелгеннен кейін шектеу шаралары жеңілдетілген болатын. Енді індет қайта өршіп, емханалар, мектептер, қарттар үйлері, қоғамдық көлік пен метрода бақылау күшейтілді. Бұл жолы аурудың жаңа ошағы «Синьфади» ауыл шаруашылық базарында анықталды. Қазір ол жабылды. Іргелес аудандардың тұрғындары оқшауландырылды.

Сюй Хэцзянь, Бейжің қаласы ақпарат департаментінің жетекшісі:

– «Синьфади» базарына қатысы бар адамдардың бәрі тесттен өтіп, үйлерінде оқшауландырылады. Азық-түлік базарлары, мейрамханалар мен асханаларды тексеріп, онда толық дезинфекция өткіземіз. Ал қызметкерлері тест тапсырады. Базарға іргелес шағын аудандар карантинге жабылады.

Қала билігі өзге аймақтардан туристік топтардың келуіне тыйым салды. Ал эпидемиологиялық қауіп деңгейі көтерілген аудандардың тұрғындары қала аумағынан шыға алмайды. Кеңселер жұмысын жалғастырды, бірақ компанияларға мүмкіндігінше қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеу тәртібіне ауыстыруға нұсқау берілді. Тестілеу ауқымын арттыру көзделіп отыр. Алайда сарапшылар жаппай тексеру өткізудің қажеті жоқ дейді.

У Цзунью, ҚХР ауруларды бақылау және алдын алу орталығының бас эпидемиологы:

- Бейжің қаласының барлық тұрғынын тестілеудің қажеті жоқ. Науқастармен жақын араласқан адамдар және «Синьфади» базары мен ауруханаларға барғандарды ғана тексеру керек.

Сарапшының пікірінше, қалада қауіпсіздік шаралары уақытылы қабылданды. Алайда ірі базардың жабылуы азық-түлік бағасының өсуіне әкеп соққан.

Авторы: Ботагөз Сырғабаева

Хабар 24 телеарнасы