430,69 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қос Корея арасындағы қарым-қатынас қайта шиеленісті

  • 511
  • UPD: 10:50, 18.06.2020

Солтүстік Корея билігі өз әскерін Оңтүстік Кореямен шекаралас аймаққа жіберді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы жуырда Корей Халық Демократиялық Республикасының орталық телграф агенттігі хабарлады. Естеріңізге салайық, осыдан екі күн бұрын Солтүстік Кореяның Кэсон қаласында қос ел арасындағы байланыс кеңсесі жарылған болатын. Оқиғадан кейін Корея Республикасының Бірлесу министрлігі отставкаға кетті. Жалпы Корей түбегіндегі ахуал күннен күнге ушығып барады. Бұл немен байланысты және Пхеньянның әрекеті неге әкелуі мүмкін?

Владислав Цой, тілші:

– Қазір мен шекарадағы «Пханмунджом» деген жердемін. Бұл жерге жету оңай емес. Жарылыстан кейін тіпті қиындай түсті. Айта кетейін, Сеул мен Пхеньян арасындағы қарым-қатынас Солтүстік Кореядағы босқындардың осы ел басшысы мен долларды айыптайтын үн-парақшаларды жібергеннен кейін ушыға түсті. Мұндай шараға жол бермеу үшін Кёнги провинциясының билігі шекараны тыйым салынған аймақ деп жариялады. Енді үн парақшаларды жібергендерге 10 млн вон айыппұл салынатын болады. Бұл шамамен 8 мың 500 АҚШ доллары немесе заң бұзушылыққа барғандар 1 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Байланыс кеңсесі жарылғаннан кейін Корей Халық Демократиялық Республикасы Оңтүстік Кореямен шекаралас жерге әскер жіберетінін мәлімдеді. Жалпы аймақтағы күзет бекеттері 2018 жылы бауырлас елдің жасасқан келісімінен кейін бос тұрған. Сарапшылардың пікірінше, Солтүстік Корея басшысы өзінің бұл әрекетімен оңтүстіктегі көршісінен қаржылай көмек дәметіп отыр.

Хо Мун Йонг, «Бейбіт Корея» ұйымының тұрақты өкілі:

– Биыл Солтүстік Корея экономикасының дамуына арналған 5 жылдық жоспардың аяқталатын кезі. Құжат 2016 жылы құрастырылған болатын. Енді бірнеше жылға созылған жұмыстың нәтижесін жергілікті тұрғындарға көрсету керек. Алайда коронавирус пандемиясының кесірінен Солтүстік Корея экономикалық қиындыққа тап болды. Менің ойымша, өзінің бұл әрекетімен оларға да оңай емес дегенді білдіргісі келді.

Соңғы кездері Ким Чен Ынның әпкесі Ким Ё Чжон белсенділік танытып жүр. Ал Ким Чен Ынның өзі 11 күннен бері мұқым жұртқа көрінбей кетті. Солтүстік Корея жөніндегі сарапшы Хо Мун Йонг шекарадағы жарылыс пен аймаққа әскердің жіберілуі Ким Ё Чжонның басшылығымен жасалғандықтан, Ким Чен Ынның өзіне бұл тиімді болуы мүмкін деген пікірде. Өйткені жағдай тұрақтала бастағанда, көшбасшы бұл оның әрекеті емес деп барлық жауапкершілікті өзінен алып тастауы мүмкін деп болжап отыр. Сонымен қатар Хо Мун Йонг Дональд Трамп та Солтүстік Кореямен қарым-қатынасын бұзбайды. Өйткені онсыз да коронавирустың салдары мен нәсілшілдік мәселеніне байланысты жағдайы мәз болмай тұр дейді.

Хо Мун Йонг, «Бейбіт Корея» ұйымының тұрақты өкілі:

– Егер президенттік сайлауда Трамп жеңіске жетсе, АҚШ мен Солтүстік Кореяның қарым-қатынасы жақсаруы мүмкін. Трамп үшін Америка басты орында болғандықтан, альянстардың мәселесін кейінге қалдырады. Ал билікке Байден келсе, Сеул және Пхеньянмен арадағы байланысты нығайтады. АҚШ пен Қытай арасындағы қарым-қатынас та маңызды. Егер ол ушықса, Корей түбегіндегі ахуал да қиындай түсуі мүмкін.

Оңтүстік Кореяның сарапшылары көршісімен татуласу үшін Солтүстік Кореяға қандай да бір көмек көрсетуге тура келеді деген пікірде. Мысалы коронавирусты анықтайтын тест, медициналық құрал-жабдық немесе азық-түлік жеткізуге болады. Сарапшылардың пікірі мен болжамы әзірге осыған саяды.

Хабар 24 телеарнасы