423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Грузияда қоғамдық орындарда бетперде тақпағандар 6 доллар көлемінде айыппұл төлейді

  • 237
  • UPD: 13:44, 18.06.2020

Грузияда бірнеше ай бұрын коронавирусқа байланысты енгізілген шектеулер біртіндеп алынып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қоғамдық және халықаралық көлік жұмысы қалпына келтіріліп, ішкі туризм жұмысын бастады. Бірақ билік өкілдері азаматтардан сақтық шараларын барынша орындауды сұрап отыр.

Маскалар мен әлеуметтік арақашықтық. Грузияда қазір бұл – азаматтардан талап етілетін басты шара. Сән салондары, мейрамханалар мен дәмханалардың барлығы осындай талаптарды орындауы тиіс. Бұдан бөлек, елде жерлеу мен үйлену тойларын өткізу тыйым мерзімі 1 айға ұзартылды. Мемлкеттік органдар қызметкерлерінің көбі қашықтан жұмыс істеуге көшкен. Бірақ осыған қарамастан маусымның 15-інен бастап ішкі туризм ашылып, ішкі әуе және теміржол бағыттары қайта жандынды.

Амиран Гамкрелидзе, Грузияның ауруларды бақылау ұлттық орталығының басшысы:

- Биыл ішкі туризмге көбірек көңіл бөлініп, азаматтардың саяхаттап демалуына жағдай жасау керек. Бірақ адамдар қарапайым сақтық шараларын ұмытпауы тиіс. Яғни әлеуметтік арақашықтықты сақтап, ғимараттарда бетперде тағып жүруі қажет. Ал аурудың белгілері байқалса, бірден дәрігерге қаралу керек.

Грузияда соңғы аптада коронавирусты жұқтырғандардың саны артты. Бірақ дәрігерлер жағдайды бақылауда ұстап отырғанын айтады. Және де қазір тек жеңіл түрде ауырғандардың саны көбейгенін алға тартып отыр. Ал сарапшылар мұны көп саланың өз жұмысын қайта бастағанынан туындады дейді.

Георгий Гахария, Грузия премьер-министрі:

- Біз вирустың ешқайда жоғалмағанын және оны жеңбегенімізді үнемі айтып келеміз. Бұл ғаламдық дағдарыс. Оны жеке дара мемлекет жеңе алмайды. Бұл індетке дүние жүзі елдері бірлесіп қана тосқауыл қоя алады. Біз бұл дертпен вирусты жұқтырғандарды дер кезінде анықтап, емдеп қана күресе аламыз. Әр азамат өзіне жүктелген жауапкершілікті сезінуі тиіс.

Жуырда коронавирусқа байланысты әкімшілік заңбұзушылық нормаларына енгізілген түзетулер күшіне енді. Енді ғимараттар мен қоғамдық көліктерде бетперде тақпай жүрген азаматтар 6 доллар көлемінде айыппұл төлейді. Ал заңды тұлғаларға 170 доллар көлемінде айыппұл салынады.

Авторлары: Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили

Хабар 24 телеарнасы