434,48 496,10 5,67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Израильде індеттің екінші толқыны басталды

  • 598
  • UPD: 15:39, 19.06.2020

Израильде коронавирус эпидемиясының екінші толқыны басталды. Соңғы күндері дертті жұқтырғандар саны көбейген. Оған карантинді жеңілдету себеп. Осыған байланысты үкімет егер адамдар сақтық шараларын орындамаса қатаң карантинді қайта енгізетінін ескертті.

Бір тәулікте 257 адам коронавирусты жұқтырып, халі нашарлары ауруханаға түсті. Дәрігерлер арасында да вирусты жұқтырғандар көбейген. Ресми деректер Израильде коронавирус эпидемиясының екінші толқыны басталғанын көрсетеді. 

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

- Ғаламдық дағдарыс кезінде вируспен күрес өзара жауапкершілікті талап ететінін талай мәрте айтқанмын. Өйткені індеттің таралуы қайта күш ала бастады. Бұл бәрімізге Денсаулық сақтау министрлігінің нұсқауларын орындау қажеттігін көрсетіп отыр. Сондықтан жуырда вируспен күресу үшін қосымша шараларды қолға алуымыз мүмкін. 

Осыдан екі апта бұрын Израилде дерттің таралуы төмендеп, тыныс алуды жеңілдету аппараттарын қажет ететін науқастар қарасы азайған еді. Көптеген ауруханалардың жұқпалы дертке шалдыққандарға арналған бөлімдері бос қалып, жағдай едәуір жақсарған болатын. Мейрамханалар мен дәмханалар ашылып, өнеркәсіптер жұмыс істей бастады. Содан болса керек адамдар сақтық шараларын орындауды қойып, дертке шалдыққандар күрт артты. 

Галина Гольцман, дәрігер:

- Қазір індетпен байланысты жағдайдың қайта нашарлап бара жатқанын көріп отырмыз. Өйткені жастардың көбі бұл дертке немқұрайлы қарап, көшеге шыққанда бетперде тақпайды. Бірақ олар аурудың таралу қауіпі жоғары екенін және егде жастағы адамдарға қатерлі екенін ұмытпауы тиіс. 

Осыған байланысты билік адамдардан әлеуметтік арақашықтықты сақтап, бетперде тағып, тазалық шараларын орындауды сұрап отыр. Егер бұл талаптар орындалмаса дертті жұқтырғандар көбейіп, ахуал нашарлайтынын ескертуде. Себебі карантинді жеңілдетуден кейін науқастар санының күрт өсуі жұқпалы дерттің тез тарайтынын көрсеткен. 

Авторы: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы