426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Кореяда карантин ережесін бұзған Қазақстан азаматшасы жазалануы мүмкін

  • 295
  • UPD: 19:39, 20.06.2020

Оңтүстік Кореяда карантин талабын бұзған Қазақстан азаматы жазалануы мүмкін.

Себеп оқшаулану ережелерінің сақталмауы. Бұл туралы Пёнтэк қаласының әкімшілігі хабарлады.

Владислав Цой, тілші:

- Отыз жастағы қазақстандық азаматша 15 маусымда Оңтүстік Кореяның Инчхон әуежайына Алматыдан ұшып келді. Коронавирус белгілері болмағандықтан ол тест тапсырмаған. Бірақ жергілікті заң бойынша осы елге шетелден келген әрбір азамат оқшаулануы тиіс. Дәрігерлер басқа елден келген жолаушыларды, әсіресе шетелдіктерді бақылауға алады. Қазақстандық әйелге коронавирусқа тест тапсыру ұсынылды.

Кореяға келгеннен кейін 3 күн өткен соң ол тестілеуден өтті. Тест нәтижесі вирус белгілері бар екенін көрсетті. Денсаулық сақтау қызметкерлері жерлесіміздің кіммен байланыста болғанын іздей бастады. Дәрігерлер бейнебақылау камералары арқылы әйелдің оқшаулану режимін бұзғанын анықтады. Әрбір жолаушы өзін бақылайтын мобильдік қолданба жүктеуі тиіс, бірақ әйелде кореялық сим-карта болмаған. Үш күнде ол бірнеше дәмханада, дүкенде және иммиграциялық кеңседе болды. Онымен байланыста болған бес адам оның ішінде әуежайда қарсы алған күйеуі коронавирусқа тестілеуден өтті. Оларда індет белгілері жоқ. Қазір отыз жастағы әйел Сувон қаласы ауруханасының бірінде вирусқа қарсы ем қабылдап жатыр.

Айта кетейік, 15 маусымда Алматыдан келген тағы бір қазақстандық азаматтан вирус шыққан еді. Оған дейін 10 маусымда Алматыдан Инчхонға келген әйелдің тест нәтижесінен вирус белгілері анықталған еді. Кореяда өзін өзі оқшаулау ережесін бұзғаны үшін 10 миллион вонға дейін айыппұл салынады. Бұл шамамен 8500 доллар. Немесе заң бұзғандар 1 жылға бостандығынан айырылады. Енді қазақстандық әйелдің тағдырын көші-қон полициясы шешеді. Бұл өзін өзі оқшаулау ережелерін бұзған алғашқы жағдай емес. Кореяда барлығы 350-ге жуық осындай факті тіркелді. Олардың 200-і прокуратураға жіберілген. 5 адам қамауға алынды. Жапония, Пәкістан, Польша, Қытай және Ұлыбритания азаматтары түрлі жазаларға, соның ішінде депортацияға ұшырады.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Хабар 24 телеарнасы