429,75 508,70 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мәскеудегі парадқа қатысты қоғам пікірі қақ жарылды

  • 365
  • UPD: 21:39, 23.06.2020

Коронавирус Латын Америка елдерінде дендеп барады. Бразилияда соңғы бір тәуліктің өзінде індет тағы 21 мың 400 адамнан анықталды. Осылайша елде коронавируспен ауырғандардың жалпы саны 1 миллион жүз мыңнан асты. Жергілікті ауруханалар лық толған. Бір орынға ондаған науқас кезекте тұрған көрінеді. Ал елдің президенті Жайр Болсанару болса әлі күнге дейін денсаулық сақтау министрін тағайындамады. Айта кетейік, коронавирус дағдарысы басталғалы елде денсаулық сақтау саласының екі министрі қызметтен өз еркімен кетті. Олар Болсанарудың шектеу шараларын енгізбей, экономикаға басымдық бергеніне қарсы шыққан. 

Фернандо Брум, коронавируспен күрес жөніндегі комитеттің басшысы: 

- Қарқынды терапия бөліміне жату үшін қаншама науқас кезек күтіп жүр. Жағдай ушығып кетті. Денсаулық сақтау саласы дәрменсіз күйде. Бұдан әрі бақылауда ұстау мүмкін емес. Індетті жұқтырғандар саны күннен күнге көбейіп барады.  

Жағдай Перу мен Чили елдерінде де мәз емес. Ал Мексикада вирустан көз жұмғандар саны Бразилия мен АҚШ-тан асып түсті. Мұнда соңғы тәулікте мың 44 науқас індеттің құрбанына айналды. Сондай-ақ Коронавирус жұқтырған тағы 5 мың 343 адам анықталды. Мексикада наурыз айынан бері шектеу шаралары енгізілген. Маусымда карантин жеңілдетіліп, кәсіпорын, зауыт пен дүкендер ашылған еді. Енді қайғылы статистикаға байланысты халық төрт қабырғаға қайта қамаламыз ба деп алаңдап отыр.

Джульета Хернандес, жергілікті тұрғын:

- Күнде жаңалықтарды естіп, алаңдап отырамыз. Адамдар бір-біріне қамқор болуы керек. Қолдан келгенше қашықтықты сақтау маңызды. Вирусты кез келген жерде жұқтырып алуымыз мүмкін. Егер жұмысымыз қайта тоқтаса, аш қаламыз.  

Германияда коронавирустың жаңа ошағына айналған Гютерсло ауданында карантин тәртібі күшейтілді. Бұл туралы өңір басшысы Армин Лашет мәлімдеді. Оның айтуынша 30-шы маусымға дейін ауданда шектеу шаралары қатаң режимде жүзеге асады. Бұл дегеніңіз Гютерслода бір шаңырақ астында тұрмайтын адамдардың кездесуіне тыйым салынады деген сөз. Бүгінде ет өңдеу зауытының мың 500 қызметкерінен корнавирус анықталды.  

Армин Лашет, Солтүстік Рейн-Вестфалия премьер министрі:

- Гютерслода індет халық арасында тарап жатқан жоқ. Жұқтырғандардың басым бөлігі зауыт қызметкерлері. Соған қарамастан шектеу шараларын енгіздік. Коронавирустың жаппай тарап кетуіне жол бермеуіміз керек. Концерт, мұражай, көрме, спектакльдер жабық күйінде қалады. Спорттық шаралар өтпейді. 

Ресейде коронавирс жұқтырғандар саны 600 мыңнан асты. Соңғы бір тәулікте тағы 7 мың 425 адамнан індет белгілері анықталған. 153 адам көз жұмды. Ресми мәліметтерге қарағанда соңғы бес күнде елде індетті жұқтыру деректері азайған. Осыған байланысты Мәскеуде шектеу шаралары жеңілдетіліп жатыр. Бүгіннен бастап шаһардағы мейрамханалар мен бала-бақшалар, фитнес клубтар ашылды. Бұл карантиннен шығудың үшінші кезеңі. Ертең Қызыл алаңда жеңіс парады өтеді. Кремель жариялаған ақпаратқа қарағанда салтанатты шеруді бірнеше мемлекеттің басшысы тамашалайды. Қазір Мәскеудегі меншікті тілшіміз Дана Нұржан эфирге тікелей қосылып, шараға дайындық жайын баяндайды. Дана ол жақтағы ахуал қандай? 

Дана Нұржан, тілші:

- Жеңіс парадын 24 маусымда өткізу Ресей қоғамын екіге жарды. Көпшілігі мыңдаған адам қатысатын мұндай ауқымды шараны өткізу әлі ерте дейді. Себебі елде коронавирусты жұқтыру дерегі азайған жоқ. Тәулігіне 7 жарым мыңдай адамнан індет анықталып жатыр. Сондықтан Мәскеуден басқа өңірлерде шеруге шығу не шықпау туралы шешімді жергілікті билік өзі шешеді. Соңғы екі аптада бірнеше ірі қала жеңісті тойлаудан бас тартты. Атап айтсақ, жеңіс парады Курск, Челябиі, Симферопол, Пятигорск және Уфада өтпейді. Мәскеу мэрі де сақтық үшін тұрғындарға парад күні көшеге шықпай-ақ шараны теледидардан тамашалауға кеңес берді. Әдетте жергілікті жұрт парад өтетін көше бойына шығып, сап түзеген сарбаздар мен әскери техниканы көзбен шығарып салатын. Қызыл алаңға биыл да көрермендер келеді. Бірақ әдеттегідей барлығы жіберілмейді. Бұған дейін шараға қатысатын 80 шақты соғыс ардагері арнай шипажайға жіберіліп, карантин талаптарын сақтаған. Биыл қызыл алаңдағы әскери шеруге 14 мың адам қатысады деп жоспарланып отыр. Ал жалпы ел бойынша 64 мың сарбаз қатысады. Жеңістің 75 жылдығына арналған шеруге Қазақстан қарулы күшетірінің өкілдері де келді. Жалпы парадқа 19 елдің өкілдері шақырылған. 

- Парадты ұйымдастырушылар вирусқа қарсы қандай сақтық шараларын қолданып жатыр?

- Ресейдің қорғаныс министрлігі парадқа дайындық барлық санитарлық талаптарға сай өтіп жатқанын жариялады. Яғни, шеруде сап түзеп өтетін сарбаздар тәулігіне екі рет медициналық тексеруден өтеді. Олар бас қосатын нысандар үнемі дезинфекцияланады. Шараға қатысушылардың барлығы жеке қорғаныш құралдарымен қамтылған. Дайындық 17,18, және 20-шы маусым күндері өтті. Шыны керек, дайындық кезінде бірқатар адамның маскасыз жүргенін байқадық. Бірақ дайындық кезінде олар өздеріне бөлінген аумақтан шығарылған жоқ, Яғни өзге тұрғындармен байланыспады. Бүгінге дейін парадқа қатысушы әскерилер де, көрермендер де ПТР тест тапсырған. Ал екі апта бұрын оқшауланбаған біз секілді журналистер ертең арнайы баспасөз орталығына жиналамыз. Ол жерде санитарлық талаптар қандай болатыны туралы ертең айтамыз. 

Ал Түркияда соңғы екі аптада коронавируске шалдыққандар саны көбейіп барады. Бір тәулікте қауіпті індетті мың 212 адам жұқтырды. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметі осындай. Бұған дейін COVID-19-бен ауырғандар саны тәулігіне мыңнан адамнан аспаған болатын. Сондықтан ел билігі, араға екі ай салып, демалыс күндеріне арналған коменданттық сағатты алып тастаған еді,, індетті жұқтыру дерегі күрт көбейді. Осыған байланысты сенбі мен жексенбі күндері коменданттық сағат енгізді. Бұл күндері мектеп түлектері жоғарғы оқу орындарына түсу үшін сынақ тапсырады. Егер аурудың таралуы көбейіп кетсе, сақтық шаралары қайта енгізілуі мүмкін.

Жалпы соңғы тәуліктегі ақпарға сәйкес, 11 наурыздан бастап елде 188 мың 897 кісі қауіпті індетті жұқтырды. 4 мың 974-і қаза тапты. 161 мыңнан астам адам құлан таза айығып шықты.

Ия, соңғы күндері коронавирус статистикасы көңіл көншітпейді. Кейбір елдер вирусты бақылауда ұстай алмай отырғанын айтады. Бразилияда тіпті табыт сатушылардың кәсібі жанданған. Бұл орайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем елдерін індетпен күрес жолында бірлікке шақырды. 

Тедрос Аданом Гебреисус, ДДСҰ Бас директоры:

- Күнде қайғылы статистикаға тап болып отырмыз. Сондықтан әлем елдерін коронавируспен күрес жолында бірігуге шақырамын. Әрбір адам қарапайым санитарлық ережелерді сақтау керек. Қолдарын жиі жуып, бетперде кию, арақашықтықты сақтау маңызды. Сондай-ақ дексаметазонның ковид-19 ды жұқтырған науқастарға көмектесіп жатқанын айттық. Сондықтан осы препараттың өндірісін арттыру керек.

Хабар 24 телеарнасы