425,99 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ДДСҰ: Коронавируспен күреске 31,3 млрд доллар қажет

  • 327
  • UPD: 17:23, 27.06.2020
ДДСҰ: Коронавируспен күреске 31,3 млрд доллар қажет interfax.ru

Әлемде коронавируспен күрес бойынша халықаралық әріптестік шеңберінде дертке қарсы вакцина мен оны емдеу құрал-жабдықтарын дайындауға 31 миллиардтан астам доллар қажет.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осылай деп мәлімдеді. Сарапшылардың айтуынша, қазір аталған қаржының тек 3 миллиардтан астамы ғана уәде етілген. Ал шұғыл шараларға 13 миллиардтан астам доллар қажет екен. Олардың бір бөлігі кедей елдерге диагностикалық тест пен емдеу құрал-жабдығын сатып алуға жұмсалмақ. Айта кетейін, «Коронавирусқа қарсы құрал-жабдыққа қолжетімділікті жеделдету» деп аталған шара сәуір айында басталған.

Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ бас директоры:

- Коронавирусты бақылауға алып, адамдардың өмірін құтқарып қалу үшін бізге өте көп көлемде тиімді вакцина мен дертті анықтау және емдеу құрал-жабдығы керек. Ал дәрі-дәрмек оларды сатып алуға мүмкіндігі бар адамдарға ғана емес, барлығына қолжетімді болуы тиіс.

Ал соңғы ақпарға қарағанда, әлемде коронавирусты жұқтырғандардың саны 9 миллион 800 мыңға тақаған. Дерттен 493 мыңдай науқас көз жұмды. 4 миллион 900-ден астам адам жазылып шықты. Ауруға шалдыққандар бойынша АҚШ, Бразилия және Ресей көш бастап тұр. Құрама Штаттарда вирусты жұқтырғандар 2 жарым миллионға жуықтаса, Бразилияда науқастардың саны 1 миллион 200 мыңнан асқан. Ал Ресейде вирусты 620 мыңнан астам адам жұқтырған.

Хабар 24 телеарнасы